Сенат ЕАЭО-дағы экспорттық тауарларға қатысты келісімді ратификациялады

112

Құжатта тауарлардың шығу тегін анықтаудың бірыңғай белгілері айқындалады. 

Сенат ЕАЭО-дағы экспорттық тауарларға қатысты келісімді ратификациялады Фото: canva

Сенат Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Сіздердің назарларыңызға "Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы" заңы ұсынылады. Қарастырылып отырған келісімнің мақсаты – тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде олардың шығу тегін анықтау, куәландыру және растау тәсілдерін сәйкестендіру үшін құқықтық негізді қамтамасыз ету. Келісімде тауарлардың шығу тегін анықтаудың бірыңғай белгілері анықталады. Елде толығымен өндірілген тауарларға пайдалы қазбалар, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ электр және жылу энергиясы және басқалар жатады", – деді Сенат депутаты.

Әлібек Нәутиевтің сөзінше, жуу, буып-түю және қарапайым жинақтау операциялары сияқты тауардың шығу тегіне әсер етпейтін операциялардың тізбесі айқындалды. Келісімге сәйкес, тауарларды одақ аумағынан әкету кезінде олардың шығу тегін растау әкету баждарын және тарифтік емес реттеу шараларын (тыйым салулар, квоталар, рұқсат беру тәртібі) қолдану шығарылған елге байланысты болған жағдайларда жүзеге асырылады.

Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында аталған шаралардың бірыңғай тізілімін жүргізу өкілеттігі Еуразиялық экономикалық комиссияға беріледі. Сондай-ақ, Келісім шеңберінде уәкілетті және тексеруші органдардың функциялары айқындалады. Өндірістік үй-жайларды инспекциялауды және экспорттаушылардың коммерциялық құжаттамасын тексеруді қоса алғанда, тексерулер жүргізу тәртібі белгіленеді.

"Бұдан басқа, Келісімде электрондық верификация жүйелерін жасау арқылы рәсімдерді цифрландыру мәселелері реттелген. Бұл үшінші елдердің құзыретті органдарына сертификаттардың түпнұсқалығын нақты уақыт режимінде жедел тексеруге мүмкіндік береді, бұл қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға қолжетімділігін айтарлықтай жеңілдетеді. "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 118 мыңға жуық экспорттық сертификат берілді. Бұл ретте, оның 35%-дан астамы тамақ өнеркәсібіне, 21%-ы металлургияға және 16,5%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі. Бұл салалар үшін Келісімде өндірушіні қайта орау немесе жуу сияқты "қарапайым операциялармен" айналысатындардан бөлу көзделеді. Ол өз кезегінде сыртқы нарықтарда "Made in Kazakhstan" брендін қорғауға мүмкіндік береді", – деді Әлібек Нәутиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу