Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен сенаттың отырысы болды. Жиында Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісім ратификацияланды, деп хабарлайды сенаттың баспасөз қызметі.
Бас келісімнің мақсаты – ИЫҰ мүше елдердің арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми ынтымақтастықты жүзеге асыру қағидаттарын құқықтық бекіту.
Бас келісім халықтардың игілігі мен өркендеуін орнатуға бағытталған ортақ мүдделерге қол жеткізу үшін Қазақстан мен ИЫҰ мүше елдердің бірлескен күш-жігерін шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Сенаторлар сондай-ақ Қазақстанға Халықаралық қайта құру және даму банкінің 80 млн АҚШ долларын қарызға беру туралы келісімді ратификациялады.
ХҚДБ беретін қаржы әлеуметтік медициналық сақтандырудың ұлттық жүйесін енгізуді қолдауға, медициналық көмек көрсету жүйесін нығайтуға, сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру стратегиясының жобасына мониторинг жүргізу мен бағалауға жіберіледі.