Сенат Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сіздердің назарларыңызға "Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а - бабын өзгертуге қатысты хаттаманы және Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 56-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы" Заң ұсынылады. Аталған хаттамалар 2016 жылғы 6 қазанда Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы Ассамблеясының 39-сессиясында қабылданды. Олар қатысушы мемлекеттер құрамының едәуір кеңеюін ескере отырып, ИКАО басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған", – деді құжатты таныстырған сенатор Бибігүл Аққожина.
Оның айтуынша, өзгерістердің мәні – ИКАО кеңесінің құрамын 36-дан 40 мемлекетке дейін ұлғайту.
"Екіншіден, техникалық сараптаманы күшейту және ИКАО-ның нормашығармашылық қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Аэронавигациялық комиссия құрамын 19-дан 21 мүшеге дейін көбейту көзделеді. Бұл өзгерістердің қажеттілігі ИКАО құрылған сәттен бастап мүше мемлекеттердің саны 52-ден 193 мемлекетке дейін ұлғаюына, ал ұйымның негізгі басқару органдарының сандық құрамы ұзақ уақыт бойы қайта қаралмай, өзгеріссіз қалуына байланысты. 2022 жылы ИКАО Ассамблеясының 41-ші сессиясында қарар қабылданды, онда мүше мемлекеттер ИКАО органдарын реформалау қажеттілігін мойындады және тиісті хаттамаларды жедел ратификациялауға шақырды. Олардың күшіне енуі үшін 128 ратификация қажет. Бүгінгі таңда бұл өзгерістерді 120 мемлекет ратификациялады", – деді Сенат депутаты.
Бибігүл Аққожина Қазақстан үшін хаттамаларды ресми түрде бекітудің маңызы зор деп отыр.
"Аталған заңды қабылдау – Конвенция шеңберінде азаматтық авиацияны халықаралық-құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру, халықаралық стандарттар мен ИКАО-ның ұсынылатын практикасын сақтау, сондай-ақ сапалы және сенімді авиациялық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету", – деп атап өтті ол.