Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан мен Эстония Үкіметтері арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Келісімге сәйкес, реадмиссия – бұл жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауына немесе көші-қон заңнамасын бұзуына байланысты өз еліне оралуға мүмкіндігі жоқ Тарап мемлекеттері азаматтарын, сонымен қатар, тараптар аумағына кірген үшінші мемлекет азаматтарын, азаматтығы жоқ адамдарды еркін түрде қайтару тәртібі. Келісім екі мемлекеттің аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейтін нормаларды, екі елдің құзыретті органдары арасында заңсыз көші-қонға қарсы өзара іс-қимыл шараларын қарастырады. Қазақстан халықаралық құқықтың толыққанды субъектісі ретінде ынтымақтастықтың барлық деңгейлерінде – әмбебап, аймақтық және екіжақты қатынастарда халықаралық шарттық-құқықтық қатынастарды белсенді түрде дамытып келеді", - деді сенатор Советбек Медебаев.
Оның дерегінше, реадмиссия бойынша тиісті келісімдер Қазақстан мен бірқатар мемлекет арасында жасалған.
"Эстония Республикасымен келісім ратификацияланған жағдайда келісуші мемлекеттердің аумағында кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамдарды қайтаруды ұйымдастырудың тиімді рәсімдерін қарастыруға, олардың транзитін жеңілдетуге мүмкіндік жасайтын құқықтық негіз жасалады. Сондай-ақ, реадмиссияланатын адамдардың көліктік және транзиттік шығыстарын реттейтін нормалар, келіспеушіліктерді реттеу тәртібі және келісімді орындауға байланысты басқа да нормалар көзделген", - деді Сенат депутаты.