Әзербайжан Парламенті бұл келісімді 2019 жылдың 13 желтоқсанда ратификациялап қойған. Келісімнің негізгі мақсаты – екі мемлекеттің көші-қон саласындағы ынтымақтастығы үшін құқықтық негіз құру, сондай-ақ заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі бірлескен шараларды жүзеге асыру және көші-қон саласындағы әріптестік ынтымақтастық арқылы қарым-қатынасты тереңдету болып отыр.
"Бүгінгі таңда екі ел арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық жылдан жылға артып келе жатыр. Ол туралы келесі статистикалық мәліметтер арқылы байқауға болады. Мәселен, 2018 жылы Қазақстанға 50 мыңға жуық Әзербайжан азаматы келсе, 2019 жылы 48 мың азамат келген, керісінше Қазақстаннан 2018 жылы 29 мың, 2019 жылы 28 мың азамат Әзербайжанға барған", – дейді келісім туралы қорытынды жасаған сенатор Сұлтанбек. Макежанов.
Әзербайжан азаматтарының көбісі Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында уақытша тұрып жатыр. Осындай жағдайда, 2020 жылы Қазақстанда болу ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 415 азамат тартылған. Ал 112-сі елімізден тыс жерге шығарылған.
Сондай-ақ бүгінгі таңда тіркелген мерзім аяқталғаннан кейін мемлекетімізде заңсыз қалып қалған 75 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың 4-еуі соттың шешімімен елден шығарылған.
"Қаралып отырған келісім заңсыз көшу жолдарын жоюға мүмкіндік беріп, қосазаматтыққа жол бермеу мәселелерін, ең бастысы, екі ел азаматтарының құқықтық мәртебесін анықтайтын өте маңызды құжат",– деп түйді сенатор.
Аян Бекенұлы