Сенат Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және Сингапур арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Еркін сауда туралы келісім біздің елдеріміз арасында тауарлар саудасының бажсыз режимін белгілеуді қамтамасыз етуге арналған. Айта кету керек, Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,8 млрд доллар болды. Оның ішінде Қазақстаннан Сингапурға экспорт 1,7 млрд доллар құраса, Сингапурдан елімізге импорт – 81 млн доллар. Қазақстан импорттайтын тауарлар – ұшу аппараттары, медициналық жабдықтар, электроника, дәрілік заттар. Бұл ретте шикі мұнай (99,9% үлесімен) қазақстандық экспорттың басты тауары болып саналады", – деді сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Сингапурдың Қазақстанға салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі соңғы 11 жылда 1,7 млрд доллардан асқан.
Келісімдердің негізгі міндеттері – Еуразиялық экономикалық одақ пен Сингапур Республикасы арасында еркін сауда аймағын құру, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне инвестициялар тарту.
Келісім негізінде ЕАЭО Сингапурдан келетін тауардың 88%-ына бажсыз режим ұсынады.