Сенат Қытаймен әуе апаттары кезіндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады

Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады. 

Сенат Қытаймен әуе апаттары кезіндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады Фото: 365info.kz

Келісімге сәйкес Тараптар іздестіру-құтқару операцияларын (теңіздегі іздестіру-құтқару операцияларын қоспағанда) ұйымдастыруды және орындауды жүзеге асыратын болады.

Келісімде Тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасын және ұшу ақпаратының іргелес аудандары арасындағы шекараны олар жауапты болатын іздестіру және құтқару аудандары арасындағы шекара ретінде қарайтыны белгіленеді.

Бұл ретте, іздестіру және құтқару аудандары арасындағы шекаралардың аражігін ажырату Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасын өзгертпейді немесе жоймайды және оған ешқандай әсер етпейді.

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының аумағында, сондай-ақ ұшу ақпаратының іргелес аудандарында барлық іздестіру-құтқару операциялары тиісінше Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Бұдан басқа, әрбір Тарап өз ауданында азаматтық әуе кемелерін іздеу және құтқару қызметтерінің болуын және олардың тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етеді.

"Заң екі елдің азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға арналған. Осы құжат арқылы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздеу және құтқару мәселелері реттеледі. Келісімді ратификациялау екі елдің азаматтық ұшақтарды іздеу және құтқару кезіндегі бірлескен іс-қимылдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді депутаттар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу