Сенат Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстандағы жұмысына қатысты құжатты қабылдады

1438

2017 жылғы 9 қарашада Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылған болатын.

Сенат Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстандағы жұмысына қатысты құжатты қабылдады Фото: yvision.kz

Парламент сенатының жалпы отырысында "ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы" заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, 2000 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалын ашу жөнінде бастама көтерді. Сол жылы 9 қазанда РФ Президенті В. Путиннің Қазақстанға сапары кезінде филиалдың құрылуы туралы хаттамаға қол қойылды. Филиал осы уақытқа дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында қызмет етуде. Қазақстандық филалдың қызметін одан ары заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында ҚР үкіметі мен РФ үкіметі арасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылды. Осы келісім білім ордасының қызметін реттейді. Онда оқыту Мәскеу мемлекеттік университетінің оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

"Сонымен бірге, келісімде Қазақстанның жоғары оқу орындарында көзделген көлемде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту қарастырылған. Бұдан басқа, оқу жоспарларында Қазақстан экономикасының ерекшеліктері ескерілген. Бірінші және екінші курстарда Қазақстанды жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытылады" ­– деді ҚР білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.

Атап айтқанда, Қазақстан филиалдың қызметіне мүлікті өтеусіз беру және білім гранттарын бөлу арқылы қатысады. Филиал мүлікті ешкімге бере алмайды, оның қызметі аяқталған жағдайда, мүлік Қазақстанға қайтарылады. Жыл сайынғы қабылдау жоспары 125 студент, 40 магистрантты құрайды. Бүгінде филиалда 605 студент білім алады. Мекеме дербес заңды тұлға болып есептелмейді, сондықтан Мәскеу унверситетінің лицензиялары мен аккредитациясы негізінде жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу