Сенат "Масс-медиа туралы" туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты таныстырған сенатор Айгүл Қапбарованың айтуынша, заң бірқатар жаңашылдықты көздейді.
"Бірінші, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау үшін гранттық қаржыландыру берілетін болды. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралында жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді. Үшіншіден, БАҚ сұрауларын қарау мерзімі 7 жұмыс күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Төртінші, БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді", - деді Сенат депутаты.
Бұдан басқа мемлекеттік тілдегі теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50%-дан 60%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді. Атап айтқанда, 2025 жылдан бастап – 55%, 2027 жылдан бастап – 60%.
Ал отандық теле-, радио бағдарламалардың және қазақстандық авторлардың/орындаушылардың музыкалық шығармаларының отандық теле-, радиоарналардағы көлемін 50% - дан 60% - ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту көзделіп отыр.
"Отандық теле-, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20%-дан 10%-ға дейін азайту белгіленді. Кәсіби журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілді. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңы арқылы 6 кодекске және 22 заңға "бұқаралық ақпарат құралдары" сөзін негізгі заңға сәйкес "масс-медиа" сөзімен ауыстыру мәніндегі түзетулер енгізілді", - деп атап өтті Айгүл Қапбарова.
Сонымен қатар заңға сәйкес, суицид жасау тәсілдері және суицид жасауға шақыру туралы ақпарат таратуға тыйым салу белгіленіп отыр.