Сенат сақтандыру мәселелеріне қатысты заң жобасын мәжіліске қайтарды

811

Сенат сақтандыру мәселелеріне қатысты заң жобасын мәжіліске қайтарды

Бүгін парламент сенатының жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екі оқылымда талқылады. Құжатқа өзгерістер енгізілгендіктен, заң жобасы мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Заң жобасы сенат отырысында қаралып, бірінші оқылымда қабылданды. Оны талқылау және екінші оқылымға дайындау барысында оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады", - деді Ғұмар Дүйсембаев.

Осы орайда ұлттық қауіпсіздік органдарына көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарына қатысты сақтандыру құпиясын құрайтын мәліметтерді прокурордың санкциясынсыз алуға құқық беру ескерілген.

Сонымен қатар, актуарилер бірлестігінің, сақтандыру ұйымдарының, сақтандыру омбудсманының құқықтық жағдайын, қызметін реттеуді және оларға қойылатын талаптарды нақтылау; сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қызметіне қатысты жекелеген нормаларды нақтылау;  акционерлік қоғамдардың есептерді ұсыну мерзімдерін нақтылау; заң жобасының редакциясын жақсарту мен нақтылау, заң техникасының қағидаларына сәйкес келтіру бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады.

"Сенаттың қаржы және бюджет комитеті аталған заң жобасына өзгерістер мен толықтыруларды ҚР Конституциясы 61-бабының 5-тармағына сәйкес, парламент мәжілісіне жіберуді ұсынады", - деп нақтылады сенатор Ғұмар Дүйсембаев.

Жалпы отырыс барысында палата депутаттары салыстырмалы кестеге енгізілген түзетулерге қолдау білдірді. Осыдан кейін түзетулерді мәжіліс қарауына бағыттау туралы шешім жасалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу