Сенат төрағасы бірқатар елдің парламент басшыларымен кездесті

1109

Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесі өтуде.

Сенат төрағасы бірқатар елдің парламент басшыларымен кездесті

ҚР парламенті сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Еуразия елдері парламенттері спикерлері IV кеңесінің аясында Қырғызстан, Беларусь, Оман, Қатар және Түрік Республикасы парламенттерінің басшыларымен кездесулер өткізді, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.

Кеңес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясының 25 жылдығына арналып отыр. Шараға Еуропа мен Азияның 65 елінен парламенттік делегациялар мен халықаралық парламенттік 14 ұйымның өкілдері қатысуда.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Дастан Жұмабековпен кездесуде екі ел арасындағы қатынастардың ауқымды мәселелері талқыланды. Дариға Назарбаева Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен кездесуде елдер арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

"Сіздің еліңіздің халықаралық беделі зор. Бүгінгі шараның осындай жоғары деңгейде өтуі де кездейсоқ емес. Бұл көпжылдық стратегия мен нәтижелі дипломатиялық бағдардың көрсеткіші", – деді В.Андрейченко.

Сенат Төрағасы Оман Сұлтанаты Консультативтік кеңесінің Төрағасы Халид Хилал Нассер ал-Мауалимен кездесуде екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Оман өкілі жылы шырайлы қабылдаулар үшін Дариға Назарбаеваға алғысын білдірді және дінаралық келісім мен ұлтаралық достықты қолдаудағы Қазақстанның әлемдік беделін атап өтті.

Қатар Консультативтік кеңесінің Төрағасы Ахмад бен Абдалла бен Заид Әл Махмудпен кездесуде Қазақстан мен Қатардың ынтымақтастығын тереңдетудің келешегін талқылады.

Сенат Төрағасы Д.Назарбаева мен Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоп екі ел арасында қалыптасқан стратегиялық әріптестікке 10 жыл толғандағы кездесудің ерекше мәні бар екенін атап өтті. Сенат төрағасы осы ынтымақтастықта бауырлас халықтардың мәдени-тарихи ортақтастығын дамытудың рөлі туралы атап өтті. Д.Назарбаеваның айтуынша, аймақтық және жаһандық саяси үдерістерге Қазақстан мен Түркияның ықпалы арта түсуі мен олардың мұсылман және түркі әлеміндегі беделі екіжақты қатынастарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу