Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мәулен Әшімбаев елшіге ілтипат білдіріп, соңғы жылдарда Қазақстан мен Иран арасындағы жан-жақты ынтымақтастық айтарлықтай деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті. Ұқсас құндылықтарға негізделген екіжақты қарым-қатынас көптеген бағытта жоғары қарқынға ие. Жақында Иран Президентінің Қазақстанға сапары екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға тың серпін бергені де сөз болды.
"Қазақстан мен Иран арасында жоғары деңгейде сенімді саяси диалог қалыптасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев екі халық арасындағы достықты және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Желтоқсан айында Иран Президенті Масуд Пезешкианның Қазақстанға ресми сапары өтті. Мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар маңызды құжатқа қол қойды. Бұл сапар Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді. Біздің басты міндетіміз – мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыруға үлес қосу", – деп, Палата Спикері елімізде Президент бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылу барысына назар аударды.
Атап айтқанда, Мәулен Әшімбаев ауқымды саяси жаңғырудың қисынды жалғасы болып саналатын және заң шығару қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған алдағы парламенттік реформа туралы айтты.
Сондай-ақ тараптар парламентаралық байланыстарды кеңейтудің маңызына тоқталып, өзара заңнамалық тәжірибе алмасуға мүдделі екендерін білдірді.