Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бірпалаталы Парламенттің құрылу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бұл – алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе. Қазіргі менің құзыретім Президент шешімімен анықталады. Мен Президенттің квотасы аясында тағайындалған сенатормын, оны білесіздер. Сондықтан қазір біздің негізгі мақсатымыз – Президенттің көтерген барлық мәселелерді жүзеге асыру үшін тиісті заңдарды қабылдау. Бұл – өте маңызды заңдар. Цифрлық кодекс, Құрылыс кодексі, банктер туралы заң бар. Банктер туралы заң да өте қиын заңдардың бірі болатын шығар. Өйткені әртүрлі мүдделер, пікірлер бар", – деді Мәулен Әшімбаев Сенат кулуарында.
Оның сөзінше, қазір сенаторлардың алдында тұрған мақсаттың бірі – заңдарды сапалы деңгейде қабылдау.
Мәулен Әшімбаев қазір Сенат маңызды функцияларды атқарып отырғанын баса айтты.
"Жаңа Парламентте екі палатаның өкілеттіктері бірігетін болады. Сондай-ақ, жаңа Парламенттегі депутаттардың санына қатысты мәселе де талқылануы мүмкін", – деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенін жазған едік.