Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бас комитет заңның жекелеген баптарын мақұлдамады. Көрсетілген баптардың жаңа редакциясы мен заңды Мәжіліске қайтарды. Кестеге 4 түзету енгізілген.
Осыған дейін сенатор Ляззат Рысбекова заң тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталғанын айтты. Құжатпен 5 кодекске және 16 заңға түзетулер енгізіледі. Заңда бірқатар негізгі новеллалар қарастырылған.
Заң тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың мынадай шараларын белгілейді: мұқтаждарға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды беру; жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау; тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі арқылы жеңілдікті ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру; тұрғын үй сертификаттарын беру. Заңмен бұрын берілген сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды қоса алғанда, жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығы берілетін болады.
"Заң шеңберінде "Отбасы банкі" АҚ-ны ұлттық даму институты етіп қайта құру көзделіп отыр. Бұл ретте "Отбасы банкі" АҚ-ға жергілікті атқарушы органдардың мұқтаждар үшін тұрғынжайды есепке алуды, қоюды және бөлуді жүзеге асыру жөніндегі функциялары берілетін болады. Сондай-ақ "Отбасы банкі" АҚ-ға тұрғын үйге мұқтаждар туралы мәліметтерді қамтитын, басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электрондық базасын қалыптастыру, жүргізу, мониторингтеу және өзектендіру жөніндегі функциялар бекітіледі", - делінген заңға қоса берілген қорытындыда.
Заңмен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзыретін кеңейту көзделеді:
- Қазақстан Республикасының тұрғынжайға мұқтаж азаматтарын, қандастарды "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электрондық базасына есепке қою;
- тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру;
- тұрғынжайға мұқтаж адамдарды есепке қою және мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғынжай беру;
- жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тәртібін әзірлеу және бекіту.
Халықтың әлеуметтік осал топтары субъектілерінің мүдделерін қорғау мақсатында заңмен бап енгізіледі. Оған сәйкес:
- жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар кәмелетке толғаннан кейін;
- мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін;
- толық емес отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұруға келген, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастар;
- жесір әйелдер (тұл ер адамдар) балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығарылуға жатпайды.
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегін жүргізу тетігі жетілдіріліп жатыр. Мәселен, мемлекеттік қолдау шаралары кіріс деңгейіне және тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қойылған күніне қарай іске асырылады.