Сенат Түркі мемлекеттері ұйымына қатысты маңызды құжатты қабылдады

123

Хаттаманы Әзербайжан және Түркия ратификациялады.  

Сенат Түркі мемлекеттері ұйымына қатысты маңызды құжатты қабылдады Фото: ortcom.kz

Сенат Мәжіліс қабылдаған "Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тиісті хаттамаға 2022 жылғы 11 қарашада Самарқанда өткен саммитте Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары қол қойған. Хаттама 2009 жылы жасалған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізуді көздейді. Яғни, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына айналдыруды мақсат еткен. 

"Хаттамамен негізгі Келісімге 10 өзгеріс енгізу қарастырылған. Атап айтқанда, Хаттаманың 1-бабы негізгі Келісімнің атауын "Түркі мемлекеттері ұйымын құру туралы Нахчыван келісімі" деп өзгертуді, ал 2-бабы "Түркі мемлекеттері ұйымы" деп аталатын толыққанды халықаралық ұйымды құруды көздейді", - деді сенатор Алишер Сатвалдиев.

Түркі ынтымақтастығы институттарының ресми мәртебелерін айқындау мақсатында Хаттаманың 5-бабы түркі интеграциясы шеңберіндегі ұйымдарды екі санатқа бөлуді қарастырады. Сабақтас органдар ретінде ТҮРКСОЙ мен ТүркПА айқындалды. Үлестес ұйымдар ретінде Түркі  академиясы мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры көрсетілді.   

"Ұйымдағы Мемлекеттер басшыларының жыл сайын бейресми отырыстарын өткізу, Ұйым құрылымдары әзірлеген құжаттарды қабылдау рәсімі, төрағалық тәртібі бағытындағы өзгерістер қамтылды. Хаттаманың 10-бабында Түркі мемлекеттері ұйымы жанында мемлекеттерге, халықаралық ұйымдарға және басқа да құрылымдарға байқаушы мәртебесін беру нормасы көзделген. Хаттаманы Әзербайжан және Түркия ратификациялады. Бұл Келісім түркі әлеміндегі қатынастар эволюциясының нәтижесі және Нахчыван келісімі шеңберінде тараптар арасындағы жанжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету еркі болып саналады", - деді депутат Алишер Сатвалдиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу