Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында "Ұлттық қор – балаларға" атты жобаны іске асыруды ұсынды.
"Ұлттық байлықтың халықтың мүддесіне жұмсалуы және оның игілігін көруі – "Әділетті мемлекетті" құрудың нақты көрінісі деп айтуға толық негіз бар. Қазір ресми деректер бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 6,7 млн адамды құрап отыр. Ұсынылған заңға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген. Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылды", - деді сенатор Бекбол Орынбасаров заңды талқылу барысында.
Бұл тұста ол білім алу бағыты бойынша қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалануға болады. Алайда тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үйдің жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты тек ел аумағында пайдалану ғана рұқсат етіледі.