Сенат заң қабылдады: саусақ ізін тапсыру ерікті болады

279

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жауапкершілігі күшейеді. 

Сенат заң қабылдады: саусақ ізін тапсыру ерікті болады Фото: leally.ru

Сенат Мәжіліс қабылдаған кейбір заңнамалық актілерге "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы, "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі және дактилоскопиялық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Енді Қазақстан азаматтары үшін олардың келісімімен ғана ерікті дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі. Міндетті дактилоскопиялық тіркеу теңізшінің жеке куәлігін алған жағдайда ғана сақталады.

""Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" ҚР Заңында белгіленген жағдайларда 16 жасқа толған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін міндетті дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі. Заңға сәйкес дактилоскопиялық тіркеуге қатысты ережелер 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін жеке сәйкестендіру нөмірін алуға Қазақстан аумағындағы тіркеуші органдарға жеке өзінің жүгіну талабы енгізіледі. Бұрын олар мұны басқа адамдарға берілген сенімхат негізінде нақты орналасқан жері бойынша жасай алатын", - деді Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.

Заңның мақсаты – қызметкерлер тарапынан жауапкершілікті сезіне білу.

"Енгізілетін түзетулерге сәйкес "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мәртебесі өзгертіліп, корпорация фронт-офистердің жұмысы және қосымша сервистерді іске асыру бөлігінде мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру саласындағы бірыңғай провайдер болмайды", - деді сенатор Нұрлан Бекназаров.

Құжатта серіктестік келісімдер жасасу арқылы мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін беру жөніндегі функцияларды серіктестік ұйымдар атынан кәсіпкерлік субъектілеріне беру де көзделіп отыр.

"Ақпараттандыру туралы" заңда "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркінің қатысушысы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған парктың тіркелген жері бойынша орналасуы тиіс деген талап қамтылған. Қажетті инфрақұрылымның болмауына байланысты заңмен "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркіне қатысушының орналасқан жері бойынша осы талаптар алынып тасталады", - деп толықтырды депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу