Сенат жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңды Мәжіліске қайтарды

194

Құжаттың жекелеген баптары мақұлданбады.

Сенат жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңды Мәжіліске қайтарды Фото: Сенат

Сенат "Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" заңды Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қаралып отырған 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер жаңа әдістеме бойынша әзірленді. Осы әдістеменің басты новеллаларының бірі – өңірлердің даму бюджеттерінде жұмсалатын шығыстарды есептеу кезінде, ең төменгі стандарттар мен өңірлік стандарттар жүйесінің қалыптасуы. Мұндай қос стандарттардың, өңірлердің бюджеттерін де, жалпы сипаттағы трансферттердің де жоспарлау процесін едәуір қиындатып, қалыптастыру процесін неғұрлым күрделендіретіні анықталып отыр. Сол себепті, бүгінде жалпы сипаттағы трансферттердің негізгі мақсаты өңірлер арасындағы әлеуметтік және экономикалық сәйкестендіруі жүзеге аспай отыр", – деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Мысалы, 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді талқылау кезінде, Батыс Қазақстан облысының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдармен қамтамасыз етілу деңгейі төмен екені, олардың бар болғаны 28,7% болғаны атап өтілген еді, деді ол.

"2023-2025 жылдарға трансферттерді қарау кезінде де, аталмыш облыстың жолдармен қамтамасыз етілуі мәселесі қайта көтеріліп, ол 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, аталған өңірдегі нормативтік жағдайдағы, автожолдардың үлесі 56%-ды құрап отырғанын көрсетті. Осы мысалдағы сияқты аймақтардың біраз проблемалық мәселелері ұзақ жылдар бойы қайталанып, шешілмеген күйінде қалып келеді. Сенатта қызу талқыланған мәселелердің бірі жергілікті бюджеттердің кірістерінің алдымыздағы үш жылда 10,7 трлн теңгеден, 13,3 трлн теңгеге дейін айтарлықтай өсуі болды. Өсім факторларының бірі өңірлердің салықтық әлеуетін есепке алуына байланысты болып, талқылауда көптеген сұрақтар туындады", – деп атап өтті Сенат депутаты.

Айтуынша, салықтық әлеует тек алдыңғы кезеңдердің деректеріне ғана емес, сонымен бірге ол Өңірлерді дамыту жоспарларының басым бағыттарымен бірге ескере отырып есептелуі керек екені айқындап отыр.

"Заңды қарау барысында депутаттар елдімекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған шығындар көлемін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізді. Бұл құрылысы басталған және жалғасып жатқан жобаларды аяқтау үшін шығындар жалпы 17,5 млрд теңгені құрайды. Ұсыныстар салыстырмалы кестеге жинақталды. Қаржы және бюджет комитеті ҚР Конституциясының 61-бабы 4-тармағына сәйкес заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және оларды жаңа редакцияда ұсына отырып, заңды Мәжіліске қайтаруды ұсынады", – деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу