Сенат жаңа сессияда немен айналысады

1779

Қасым-Жомарт Тоқаевтің айтуынша, таяу уақытта парламент қарауына қайта құрылған әкімшілік аймақтардың жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары енгізіледі.

Сенат жаңа сессияда немен айналысады

"Елбасы парламенттің жаңа сессиясын ашып, депутаттық корпустың алдында тұрған негізгі бағыттарды айқындап берді. Біздің алдымызда тұрған айнымас меже айқын. Елімізді дамыған мемлекеттердің қатарына қосу жолында аянбай еңбек етіп, кешенді шаралардың орындалуын заң тұрғысынан қамтамасыз ету. Президент жариялаған бес әлеуметтік бастаманы сапалы түрде жүзеге асырудың маңызы ерекше. Олардың орындалуы біздің үнемі бақылауымызда болуы тиіс. Елбасы атап өткен түпкі мақсат еліміздің әл-ауқатын одан әрі жақсартып, ел экономикасын дамыта түсуді көздейтін жұмыстарды орындауда депутаттарға зор жауапкершілік жүктейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сенаттың жалпы отырысында.

Ол сенаторлар өңірлерге барып, халықты толғандырған мәселелерді зерделеп қайтқанын, бұл өз кезегінде алда тұрған ауқымды міндеттерді орындауға аса қажет екенін мәлімдеді. Бұл ретте сессия барысында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартып, тұрғын үй қатынастарын реттеуге, отандық туризмді жақсартуға, кәсіпкерлікті және агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға бағытталған заң жобалары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі.

"Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін реформалауға айрықша көңіл бөліп, бұл салада орын алып отырған кемшіліктерді атап өтті. Біз осы саланы реттейтін заңдарды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз. Сонымен қатар, қылмыстық заңнаманы экономикалық қызмет саласында ары қарай ізгілендіруді көздейтін заңнамалық түзетулердің топтамасын қарастырамыз. Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру аясында тарихи және киелі нысандарды тиімді дамытуға және қорғауға бағытталған заң жобасы да сенаттың күн тәртібінде болады. Президенттің тапсырмасына сәйкес, таяу уақытта парламент қарауына қайта құрылған әкімшілік аймақтардың жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары енгізіледі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу