Сенат жедел сатыны бюджет есебінен ауыстыру туралы заңды бекітті

446

Көпқабатты үй кіреберістеріндегі жедел сатының бірін бюджет есебінен ауыстыруға болады. 

Сенат жедел сатыны бюджет есебінен ауыстыру туралы заңды бекітті

Сенат депутаттары бүгін осындай заңды бекітті. Жоғары палата өкілдерінің айтуынша, бұл норма көрсетілетін қызмет сапасын арттырады. Бұған дейін бір лифтіні ауыстыру үшін сол үйдегі барлық тұрғынның келісімі қажет болған. Оның үстіне қымбат құрылғыға көптің қолы жете бермейтін. 

Лифті мәселесі бұрыннан өткір. Әлі де шешіле қойған жоқ. Еліміз бойынша 33 858 жеделсаты бар болса, соның 1170-і апатты жағдайда. Тығырықтан шығар жол ретінде жергілікті атқарушы органдарға 2020 жылы осындай міндет жүктелген еді. Соның арқасында былтыр 524 лифті жаңарған. Енді бұл жұмысты тіпті тиянақты ету үшін осы заң қабылданды. Яғни, бір үйдегі бірнеше кіреберістің біреуінің жеделсатысы бюджет есебінен жөнделеді. Бірақ жұмсалған қаражатты тұрғындар 15 жылға дейін бөліп төлеу арқылы мемлекет қазынасына қайтаруы қажет.

"Жалпы мақұлданған заң көп пәтерлі тұрғын үйлерді қолайлы және тиімді басқару үшін құқықтық негіздер қалыптастырады. Сондай-ақ, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз”, дейді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев. 

Бір лифті шамамен 10 млн теңге тұрады. Оған қарапайым халықтың шамасы жете бермейді. Айтайық, Өскемендегі 267 көпқабатты үйде 723 жеделсаты бар. Олардың көбі ескі. Апатты жағдайда тұрғанының нақты саны белгісіз. Үйлердің салынғанына шамамен жарты ғасыр болғанын ескерсек, лифтінің жағдайын бағамдау қиын емес.

"Бұл үйлер жетпісінші жылдар салынған. Содан бері осы лифт ауыстырылмаған. Жастар да балалар да отырады. Сондықтан оның қауіпсіз болғаны дұрыс деп ойлаймын. Енді үкіметтің қолдауымен лифт ауыстырып берсе болар еді", дейді Өскемен қаласының тұрғыны Райгүл Құрманова.

Бұл жаңалыққа әсіресе пәтер иелері кооперативінің өкілдері дән риза. Тиын санаған ұйым басшылары бұған дейін ескіні жаңалаудың жолын таппай тығырыққа тіреліп жүргендерін айтады.

"Қазіргі жағдайға орай дұрыс түзету енгізілді. Бұрын бір жеделсатыны ауыстыру үшін үйдегі барлық тұрғындардың келісімін алатынбыз. Енді жаңа заңның негізінде бір кіреберісте тұратын адамдардың өтініші бойынша лифтіні ауыстырып, немесе жөндей аламыз", дейді Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Елена Погодина. 

Жаңа заң қызмет сапасын арттырып қана қоймай, жеделсаты қолданушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Өйткені, лифтілердегі қайғылы жағдайлар ел есінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу