Сенатор Андрей Лукин вандализм үшін жауапкершілікті қатаңдатуды сұрады

379

Депутаттар заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет деген пікірде.  

Сенатор Андрей Лукин вандализм үшін жауапкершілікті қатаңдатуды сұрады Фото: senate.parlam.kz

Сенатор Андрей Лукин Қазақстанда вандализмнің жиілеп кеткенін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат былтыр 5 мыңнан астам тұрғын абаттандыру ережесін бұзғаны туралы деректі жария етті. Тәртіп бұзушылар жасыл желек пен ағаштарды жойып жіберді, аялдамалар мен лифттерді бұзды, басқа да инфрақұрылымдық және көшедегі сәндік нысандарды қиратты.

"Бір кезде Маңғыстау облысындағы Ыбықты сай шатқалының қабырғасына есімін балға-қашаумен ойып жазған мәдениет саласы шенеунігінің әрекеті жұртшылық арасында дүмпу туғызған болатын. Сонда ол адамдарды осылай жасауға кім итермелейді? Әрине, бұзақылардың әрекеті заң бойынша қудаланады және тәртіп бұзғандарға айыппұл салынуы да, қамауға алынуы да мүмкін. Тиісті заңнамалық түзетулер өткен жылдың басында қабылданды. Дегенмен, тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолданыстағы шаралар жеткіліксіз болып отыр", - деді Сенат депутаты.

Андрей Лукин депутаттар вандализм көріністері үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту мәселесін пысықтап жатқанын, онымен күресудің тиісті тетігін Үкіметке ұсынғанын айтты. 

"Вандализм үшін жауапкершілікті күшейтуді әрі заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынамын. Сонымен бірге қазір вандализмге қарсы күрес негізінен құқықтық салада жазалау арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан халықаралық оң тәжірибені пайдалану мүмкіндігін қарастыру және вандализмнің алдын алуда креативті индустрия өкілдерінің қатысуын пысықтау маңызды. Олар өз өнімдері арқылы жаңа жағдайдың алдын алуға, халықтың, әсіресе жастардың мәдениетін көтеруге ықпал етеді, мұндай әрекеттердің заңсыздығын қолжетімді тәсілдермен түсіндіре алады", - деп қорытындылады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу