Сенатор Геннадий Шиповских соңғы жылдары елімізде бұзақылық деректері көбейіп отырғанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Соңғы уақытта ел ішінде ұрлық, орынсыз жанжал, бейәдеп әрекеттер мен көпшілік алдында жұдырық жұмсау және төбелесу жиілеп кетті. Мұндай бұзақылықтар қоғамда үрей тудырып, жұртшылықтың әділет пен тәртіпке деген сенімін әлсіретуде", - деді сенатор.
Геннадий Шиповских бұдан басқа мектептердегі бұзақылық өршіп тұрғанына да назар аударды.
"Ресми статистикаға назар аударайық. Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, Қылмыстық Кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша 2010 жылы 26 адам сотталса, 2024 жылы 460 адам сотталып отыр екен. Сол сияқты Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша 2022 жылы 15282 іс тіркелсе, 2023 жылы – 17429, ал 2024 жылы 21917 құқықбұзушылық тіркеліп отыр екен. Статистика жылдан жылға өсіп отыр", - деді Сенат депутаты.
Депутаттың сөзінше, мұндай жағдайлар тұрмыстық ортада, мектептерде, қоғамдық көліктер мен көшелерде жиі кездеседі.
"Бұзақылықтың алдын алу тетіктерінің әлсіздігі, бейнебақылау жүйелерінің жеткіліксіздігі, сондай-ақ профилактикалық жұмыстардың формалды түрде жүргізілуі – бұл жағдайдың негізгі себептері. (...) Бұзақылыққа қарсы күресті күшейту үшін Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдау қажет. Осы ретте біз келесіні ұсынамыз. Бірінші – бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі кешенді ұлттық жоспар қабылдау. Екінші – жергілікті атқарушы органдар мен Ішкі істер органдарының профилактикалық жұмыстарын күшейту, учаскелік полиция инспекторларының әлеуетін арттыру. Үшіншіден, жастар арасында тәртіп пен жауапкершілікті күшейтетін отбасылық тәрбие мен мектептегі моральдық-этикалық құндылықтарға негізделген жаңа бағдарламаларды әзірлеу", - деді сенатор.
Бұдан басқа қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелерін кеңейту арқылы құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтау мүмкіндігін арттыру да ұсынылды. Сондай-ақ, бұзақылық жасағандарға жазаны қатаңдату мәселесін қарастыру қажеттігі де айтылды.
"Әсіресе, қайталанған құқықбұзушылықтар үшін", - деді Геннадий Шиповских.