Сенатор медицина қызметкерлеріне бөлек тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді ұсынды

409

Астанадағы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медицина қызметкерлерінің 40%-ында баспана жоқ.

Сенатор медицина қызметкерлеріне бөлек тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді ұсынды Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында айтты.

Оның сөзінше, Астана халқы санының тез өсуі елордаға медициналық кадрлардың ағылуына жол ашады. 

"Осы қызметкерлердің іс жүзінде 40 пайызынан астамында өз баспанасы жоқ. Сол себептен көпшілігі жалға алған пәтерлерде тұрады. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша әскери қызметшілер және басқа әлеуметтік жағынан әлсіз топтар өкілдері баспана ала алады. Алайда денсаулық сақшыларына арналған жеңілдетілген несиемен үй алуға мүмкіндік беретін бірде-бір қолжетімді бағдарлама жоқ", - ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.

Бибігүл Жексенбай медицина қызметкерлері деген санатқа кіретіндерге бөлек тұрғын үй бағдарламасы немесе жеңілдетілген несие беру туралы бағдарлама қабылдау мәселесін қарастыруды сұрады.

Бұдан бөлек сенатор Үкімет назарын экологиялық апат аймақтарында тұратын медицина қызметкерлеріне берілетін әлеуметтік кепілдіктерге аударды. 

Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы 1992 жылғы 18 желтоқсандағы ҚР заңына сәйкес, ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер бірнеше категорияға бөлінеді, деді ол. 

"Қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс түріндегі әлеуметтік кепілдіктер жоғарыда аталған аймақтардан көшіп кеткендерге, сондай-ақ басқа өңірлерде орналасқан ұйымдарда жұмыс істейтіндерге қолданылмайды. Дегенмен олар ядролық жарылыстар болған өңірлерде тұрмаса да, кезінде болған ядролық жарылыстардан денсаулығына әсер еткені сөзсіз. Қазір оған назар аудару қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер мәртебесі бар барлық медицина қызметкерін жоғарыда көрсетілген әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету мәселесін де қарауыңызды сұраймын", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу