Сенатор мектептегі 8 пәннің сағатын азайтуды ұсынды

18857

Бүгінгі Сенат отырысында бұл ұсынысты Үкіметке депутат Алтынбек Нухұлы жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сенатор мектептегі 8 пәннің сағатын азайтуды ұсынды

"Білім саласы сапа жағынан бірнеше жылдар бойы ақсап келе жатқаны жасырын емес. PISA қорытындылары бойынша Қазақстанның нәтижесі қуантарлық емес. Орта мектептегі сапаның төмендеуінің негізгі себептің бірі - соңғы 8 жылда мектеп бағдарламасына 8 жаңа оқу пәні міндетті түрде оқытылу үшін кіргізілген екен. Жиынтығы 67 сағат апталық жүктеменің ауырлығы бірде-бір дүниежүзіндегі мемлекетте жоқ", - дейді сенатор Алтынбек Нухұлы.

Шамадан тыс жүктеме үй тапсырмасын сапалы орындауға да уақыт қалдырмайтыны өз алдына бір бөлек, оқушының эмоционалдық дискомфортқа, үнемі шаршауға, оқуға деген немқұрайдылыққа әкелетіні белгілі. Сенатордың айтуынша, цифрлық сауаттылық пен жаратылыстану, дінтану, графика және жобалау секілді жаңа пәндер математика, химия, биология, қазақ тілі сияқты негізгі пәндердің сағаттарын азайтуға әкеліп соққан. Бұл білім сапасын арттыруға ықпал етпейтіні айдан анық. 

"Қорыта айтқанда, қосымша жаңадан пәндерді міндетті оқуға енгізуге жол бермеу керек. Қайта жоғарыда көрсетілген 8 пәннің сағаттарын азайтып, тіпті олардың біразын негізгі пәндерге интеграциялау қажет. Көтеріліп отырған проблема – әрбір қазақстандық отбасына қатысы бар болғандықтан, ең бастысы ұлттың бәсекеге қабілеттігіне қатер тудыратынын ескере отырып, мәселеге аса зор көңіл бөлінуі керек деп санаймыз. 8 пәннің оқулықтарын басып шығаруға миллиардтаған қаржы жұмсалған. Бұдан кейін қыруар қаржыны қалай тиімді түрде игеріп жатырмыз деп айта аламыз. Мен жалпы оқулықтардың біразының сапасыздығы туралы сөзді тіпті қозғап отырғам жоқ", – дейді Алтынбек Нухұлы.

Аян Бекенұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу