Сенатор шетелге кеткен жетімдерге Қазақстан азаматтығын алуға жәрдемдесуді ұсынды

Жетім балалар мен оларды асырап алуға ниет білдірген азаматтардың бірыңғай мәліметтер жүйесін құру ұсынылды. 

Сенатор шетелге кеткен жетімдерге Қазақстан азаматтығын алуға жәрдемдесуді ұсынды Фото: inbusiness.kz

Бүгін Парламентте сенатор Дархан Қыдырәлі шетелдіктер асырап алған жетім балалар тағдыры туралы мәселені көтерді. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды

Негізі, бұл тақырып бұған дейін бірнеше рет көтерілген. Еліміздің Бас прокуратурасы 2014 жылы шетел асқан балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде, жетім балалар мен оларды асырап алуға ниет білдірген азаматтардың бірыңғай мәліметтер жүйесін құру ұсынылды.

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бұл тексерістің нәтижесі және қабылданған шешімдердің орындалу барысы беймәлім.

"Айталық, Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Бірыңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма? Жауап күтетін сауалдар көп.  

Жиырма жыл бұрын жаттың жетегінде кеткен жетім балалар есейді. Сондықтан бұл тақырып тағы да көтеріліп келеді. Мәселен, журналист Жанар Байсемізова жүргізетін "Жібек жолы" арнасындағы "Шетелдегі қазақ балалары" жобасын тебіренбей көру мүмкін емес. Ата-анасын тапқысы, тегін танығысы келетіндер аз емес. Солардың бірі – Жәнібек немесе Эддижан Савельев. Журналист Беркінбаевтың жазуынша Арқалықта 2002 жылы 17 қаңтарда туған оны 2004 жылы сондағы балалар үйінен Бельгиялық Ирина Савельева асырап алған. Испанияның Мальорка аралында тұратын Жәнібек 2023 жылы желтоқсанда өзінің биологиялық анасын іздеп келіп, әлеуметтік желіде үндеу жарялады. Ол "Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет мауқымды бассам болды, жүрегім тынышталар еді. Ол анасын таппаған күйі еліне қайтып кетті", - деді сенатор.

Бұл жайт қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Осыған байланысты, белгілі журналист Қымбат Досжан зерттеу жұмыстарын жүргізді.

""Екі күймек бір жанға әділет пе?" деп Абай айтқандай, ата-анасынан айырылып бір күйген, еркінен тыс шетел асып екі күйген, есейгенде тегін таппай қиналып, үш күйген мұндай тағдырлар қаншама?", - деп қосты Дархан Қыдырәлі.

Айта кету керек, Қазақстан шетел азаматтары асырап алған балалардың құқықтарын қорғау мақсатында 2010 жылы "Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты Конвенцияны" ратификациялады.

Бала құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган болып саналатын Оқу-ағарту министрлігі берген мәліметке сүйенсек, Конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 қазақстандық баланы асырап алған. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда 1 бала сыртқа шыққан. Көрсеткіштің күрт төмендегені әрине қуантарлық жайт.

"Конвенцияға қол қойғанға дейін, 1999-2011 жылдар арасында шетелдіктер 8805 баланы асырап алған. Олардың 5217 қазір кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3588 бала туралы есеп алынып тұрады. Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Бельгиядағы 113 баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге сатылғаны туралы мүлдем мәлімет жоқ. Дүниенің ту-талақайын шығарған, талай тағдырлар талқандалған тоқсаныншы жылдарда безбүйректер сатқан даланың жарасы жазылар, сатылған баланың наласы мен обалы кімге?", - деп түсіндірді сенатор.

Осыған орай, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен кеңесе отырып, төмендегідей ұсыныстар береміз:

1. 1999 жылға дейін шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу;

2. Санда бар, санатта жоқ балалар туралы мәлімет-деректерді жаңалау;

3. Шетел асқан балаларға тегінен ажырамас үшін түрлі үйірмелер арқылы қолдау көрсету, қажет болса, ата-аналарын табуға көмектесу;

4. Олардың ата-аналарын көріп тұрулары үшін ведомствоаралық келісімдер жасау, елшіліктер арқылы қолдау;

5. Кәмелет жасына толған балалар қалаған жағдайда Қазақстанның азаматтығын ала білулері үшін олардың таңдауына көмектесу.

Себебі, олар – біздің қанымыздың бір түйірі, жанымыздың бір бөлшегі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу