Сенатор TikTok платформасын бұғаттауды ұсынды

325

Ол TikTok-та жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балама болуы тиіс деп отыр.

Сенатор TikTok платформасын бұғаттауды ұсынды Фото: Pixabay.com

Сенат депутаты Геннадий Шиповских TikTok-тағы балаларға қауіп төндіретін қауіпті контентке қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әлемдік тәжірибеге назар салсақ, көптеген мемлекет әртүрлі себептерге байланысты аталған платформаға ішінара тыйым салып отыр. Оларды жинақтай келе мынадай себептерді айтуға болады. Біріншіден, балалардың психикалық денсаулығы алаңдаушылық туғызады. TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына теріс әсер етіп, оларды жалған идеяларға жетелеп, тәуелділікке әкелуі мүмкін. Қырғызстан осы мақсатта платформаға тыйым салып, балалардың психикасын қорғауға бағытталған қадам жасады. Екіншіден, киберқауіпсіздік қазіргі заманғы цифрлық әлемнің басты мәселелерінің бірі. Франция мен басқа да елдер TikTok-ты пайдаланушылардың деректерін жинау әдістеріне күмәнданып, желіге шектеулер енгізді", - деді Геннадий Шиповских  депутаттық сауалда.

Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды, деп атап өтті ол.

"Өйткені жеке және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Үшіншіден, мәліметтердің құпиялылығы да үлкен алаңдатуышылқ туғызады. Канада TikTok-та деректердің қауіпсіздігіне байланысты шектеу шараларын енгізген. Бұл платформаның пайдаланушылары туралы мәліметтерді жинау және сақтау тәсілдері күмәнді болуы мүмкін", - деді Сенат депутаты.

Геннадий Шиповских бұл Қазақстан үшін де өте өзекті мәселе екенін жасырмады. Халық қалаулысы TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндардың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа теріс әсер етуі ықтимал екенін айтады. 

"Жалған ақпараттың кеңінен таралуы қоғамда дүрбелең тудырып, қоғамдық пікірді бұрмалауы да мүмкін. TikTok желісінде соңғы уақытта стрим форматында өткізілетін жарыстар кеңінен таралып, олардың аясында жеңілген адамға жеңімпаз тарапынан әртүрлі тапсырмалар беріледі. Аталған тапсырмалар алғаш қарағанда қызық әрі көңіл көтеруге бағытталған сияқты көрінгенімен, олардың кейбіреуі адамның денсаулығына физикалық және моральдық тұрғыда елеулі зиян келітіретінін байқаймыз. Мысалы, "зеленка іш", "аузына шамды сал", "іш киіміңді көрсет" секілді бұйрықтар адамның өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар қоғам алдында адамның абыройын түсіріп, моральдық тұрғыда зорлық көрсетіп, заңнамада қарастырылған азаматтық құқықтарын бұзады", - деді Сенат депутаты.

Айтуынша, TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсыну керек. 

"Сондай-ақ TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы тиіс. 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз. Бұл мәселелердің шешімін табу ел азаматтарының денсаулығын және моральдық құндылықтарын сақтап қалуға, сондай-ақ жастар арасында таралып жатқан қауіпті әдеттерді азайтуға бағытталған қадам болмақ", - деді сенатор Геннадий Шиповских.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу