Депутаттың айтуынша, 2018 жылы күшіне енген Кодекс нормаларын қолдану барысында осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған шарттардың қолданылу мерзімін ұзарту сияқты мәселедегі олқылық байқалған. Мұндай жағдай уран кеніштерінде өндірістің тоқтап қалу қаупін туғызады. Ал бұл өз кезегінде жұмыссыздыққа, өңірлердегі әлеуметтік шиеленістің өсуіне, салық және бюджетке төленетін басқа да аударымдар мен төлемдердің, сондай-ақ жыл сайын өңірдің әлеуметтік дамуына аударылатын қаражаттың тоқтатылуына әкеп соқтыруы мүмкін.
"Өңірлерде белгілі бір әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін жоғарыда аталған уран кеніштерінің қызмет ету мерзімін ұзарту мақсатында, ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне атап айтқанда өтпелі ережелер тарауына осы Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған уранды өндіруге арналған келісім–шарттардың қолданылу мерзімін ұзарту мүмкіндігін беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Осыған орай, Құрметті Әлихан Асханұлы, Қазақстан Республикасының заңнамаларымен реттеу туралы мәселені қарастыруыңызды және қарапайым жұмыскерлердің жұмыс орнын сақтап қалуға барынша ықпал жасауыңызды сұраймыз", – деді сенатор.