Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент сенатының отырысы болды. Сенаторлар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, келісім қызметтік және азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзитіне байланысты қатынастарды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің құзыретті органдары арасында осындай өткізу мен ішкі транзитті мемлекеттік бақылауға байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасауды реттеуге бағытталған. Осы Келісіммен қызметтік және азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзиті жүзеге асырылатын жағдайлардың тізбесі реттелген, Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін нысан бойынша бірыңғай құжат негізінде міндетті рұқсат беру тәртібі белгіленген.
Келісімді ратификациялау осы қару түрін ЕАЭО-ға қатысушы елдердің аумағында өткізуді оңайлатуға, нақты айтқанда қаруды әкелу және әкету үшін рұқсат беру құжаттарын беру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Сербия арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы екіжақты шарт ратификацияланды. Құжат мемлекеттер арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекті іске асырудың ұйымдастыру-құқықтық тетіктерін егжей-тегжейлі реттейді.
Иммунитет, банк есеп-шоттары мен қаржы-қаражат ақпаратын айқындау, заттар мен құжаттарды қайтару, ақпараттарды, шығыстарды ерікті түрде беру, сотталғандығы туралы ақпаратты алмасу, құжаттар мен материалдарды заңдастырудан босату мәселелеріне жекелеген ережелер арналып отыр. Палата Қазақстан мен Сербия арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты да ратификациялады.
Бұл құжат қылмыстық іздестіруден жасырынып жүрген, сондай-ақ жазадан жалтарып жүрген адамдарды ұстап беру мәселелері бойынша екі елдің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін реттейді. Отырыста сондай-ақ сотталған адамдарды беру туралы Қазақстан мен Сербия қол қойған шарт та ратификацияланды. Құжат сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік ортаға қайта оралуға жәрдемдесу мақсатында оларды беру саласындағы ынтымақтастықты орнатуға, сондай-ақ сотталған адамдарға өзінің елінде жазасын өтеуге мүмкіндік жасауға бағытталған.
Отырыс барысында сенатор Динар Нөкетаеваның балалар мен жасөспірімдер кітапханасын ашу қажеттігі туралы; сенатор Әли Бектаевтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы газ құбырының құрылысын аяқтауға және балалар бақшасының құрылысына қаржы бөлу туралы; сенатор Әлімжан Құртаевтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру үшін қосымша қаржы бөлу туралы депутаттық сауалдары жария етілді.