Сенаторлар елорда көшелеріне жүзден астам ағаш отырғызды

756

Сенат депутаттары мен Палата аппаратының қызметкерлері дәстүрлі жалпықалалық сенбілікке қатысты. Олар елорданың Қошқарбаев және Тәуелсіздік даңғылдары қиылысында, Әзірет Сұлтан мешітінің жанында жүзден астам қарағай, қайың мен балқарағай ағаштарын отырғызды, деп хабарлайды Палатаның баспасөз қызметі.

Сенаторлар елорда көшелеріне жүзден астам ағаш отырғызды

"Қазіргі таңда елімізде Президентіміздің бастамасымен "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Соның аясында ауаның сапасын жақсарту, 2 млрд ағаш отырғызу, өзен-көлдердің экожүйесін сақтау, су ресурстарын дұрыс басқару сияқты бірқатар нақты шара қолға алынып, ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Біздің бүгінгі экологиялық акциямыз да осы бағыттағы игілікті іске қосқан үлесіміз екені сөзсіз", – деді Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Палата төрағасы Мемлекет басшысының экологиялық бастамаларды іске асыруға арналған тапсырмаларын орындау үшін сенаторлар белсенді жұмыс істеуге дайын екеніне назар аударды. Атап өткеніндей, экологиялық проблемаларды шешу – жалпыұлттық күн тәртібіндегі негізгі басымдықтардың бірі.

"Алдағы уақытта Парламент Сенаты экологиялық бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қолдау жұмыстарын жалғастыра береді. Бұл бағытта біз эколог мамандармен, сарапшылармен, қоғамдық және халықаралық ұйым өкілдерімен бірлесе әрекет етуге мүдделіміз", – деді Сенат Спикері.

Бұған дейін жазғанымыздай, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Бірге – таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясының аясында елордадағы Ботаникалық бақта көшет отырғызып, қалалық сенбілікке қатысты.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу