Сенатта Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялауға бағытталған заң жобасы қабылданды, деп жазады inbusiness.kz.
"2021 жылы 22 қарашада Мәскеуде жасалған Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялауға бағытталған заң жобасы ұсынылады. Осы Келісімді жасасу Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 55-бабында тікелей көзделген. Келісім мүше мемлекеттердің үшінші елдермен өзара саудасындағы Одақтың техникалық регламенттері қолданылатын өнімге қатысты техникалық кедергілерді жою тәртібін айқындайды", - деді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, бүгінде ЕАЭО-ның 52 техникалық регламенті қабылданып, оның 46-сы күшіне енген.
"Қазақстан мен үшінші елдер арасындағы шикізаттық емес тауарлардың тауар айналымы 2022 жылға 48,6 млрд долларды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 33,5%-ға жоғары. Елімізден үшінші елдерге шикізаттық емес тауарлардың экспорты 2022 жылы 24,8%-ға өсіп, 18,9 млрд долларды құрады. Өңделген тауарлар бойынша Қазақстан Республикасының негізгі экспорттық елдеріне Қытай, Өзбекстан, Түркия және Нидерланды жатады", - деп атап өтті ведомство басшысы.