Парламент сенатының қаржы және бюджет комитеті ШҚО-да Қазақстанның теңге сарайы қызметі мен "7-20-25" тұрғын үй несие бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды сенаттың баспасөз қызметі.
Депутаттар аймаққа сапар барысында Қазақстандық теңге сарайы мен "Үлбі металлургия зауыты" қоғамының қызметімен танысты. Отырысты ашқан сенаттың қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Қазақстанның теңге сарайы отандық қаржы жүйесінің ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттілігінің маңызды бөлігі болып табылатынын атап өтті.
"Өздерінің ұлттық ақшасы мен тиындарын шығаруға барлық мемлекеттердің қауқары жетпейді. Басым көпшілігі валютасын шет елдерде өндіруге мәжбүр", - деді сенатор.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Галиева қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Қазақстанның теңге сарайының қызметі, сондай-ақ шешуін таппаған мәселелер туралы Қазақстанның теңге сарайының директоры Александр Транов парламентшілерге егжей-тегжейлі хабардар етті.
"7-20-25. Әрбір отбасының тұрғын үйге қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктері" тұрғын үйді несиелеу бағдарламасын талқыламастан бұрын сенатор Ольга Перепечина әлеуметтік тұрғын үйді сатып алу кезінде әртүрлі санаттағы тұрғындар үшін бұл бағдарламаның ұсынатын жеңілдік шарттары ыңғайлы екенін атап өтті.
Бағдарламаны іске асыру еліміздің құрылыс саласына ғана емес, сонымен қатар экономиканың басқа да салаларына оң әсер береді. Ольга Перепечина "7-20-25" бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша 23 қазан күні сенатта өткізген кездесу аясында жергілікті бюджеттен жеңілдікпен несиелеу бойынша бастапқы жарнаны жартылай субсидиялау мүмкіндігіне; білікті педагогтер, дәрігерлер, полицейлер және басқа да мамандар үшін тұрғын үй сертификаттарын беру және екінші деңгейлі банктердің несие өтінімдерін қарау үдерісін жеңілдетуге байланысты шиеленіскен мәселелер көтерілгенін еске салды.
Одан басқа, сенаторлар несие өтінімдерін қарастырған кезде банктер несие алушылардың "несие тарихтарының" әртүрлі мерзімдерін қарастыра отырып, әлеуеттік қарыз алушылардың несие тарихтарын бағалауда түрлі тәсілдерді қолданатынын атап көрсетті.
"Баспана" ипотекалық ұйымы" басқармасының төрағасы Қайрат Алтынбеков пен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Ақтанов "7-20-25" бағдарламасын іске асыру барысы туралы сенаторларды хабардар етті.
Көшпелі отырысты Ольга Перепечина қорытындылады. Оның айтуынша, осы кездесу бойынша берілген ұсыныстар үкіметке жіберіліп, бұдан былай заң шығару қызметінде ескерілетін болады. Сапар аясында депутаттар "Азия Авто" қоғамында болды.