Сенаторлар тұрғын үйдегі лифтіні бюджет қаражаты есебінен ауыстыруды ұсынды

Сонымен қатар көлік тұрағы мен қоймалар иелерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланбақ. 

Сенаторлар тұрғын үйдегі лифтіні бюджет қаражаты есебінен ауыстыруды ұсынды Фото: google

Сенаторлар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер пакетін мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Заңды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында талқылау барысында комитеттердің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған Заңға төмендегі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды:

  • егер пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі мемлекет қатысатын ұйым болып табылса, онда кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстарды төлеу кезінде "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қолданысы қолданылмайды деген норма енгізіледі;
  • бюджет қаражатының қайтарылуын қамтамасыз етуді ескере отырып, тиісті хаттаманы ресімдеу арқылы тұрғындар шешімі бойынша көппәтерлі тұрғын үй кіреберістерінің біріндегі лифтіні бюджет қаражаты есебінен ауыстыру мен жөндеуді ұйымдастыру және қаржыландыру тетігі заңнамамен бекітіледі;
  • кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін жеке меншікке шығаруға тыйым салынады;
  • көлік тұрағы және қоймалардың меншік иелерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланады;
  • көппәтерлі тұрғын үй тіркелген күннен бастап алты ай ішінде көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісінің (құрылыс салушысының) көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инженерлік желілері мен құрылыстарын коммуналдық меншікке өтеусіз беруді қамтамасыз ету міндеті регламенттеледі.

Сенатор  Бауыржан Қаниевтың айтуынша, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы" заңға енгізілген өзгерістер көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жетілдіруге бағытталған.

"Сондай-ақ, тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кейбір функцияларын нақтылау, кондоминиум объектілерін басқару мен күтіп ұстаудың ашықтығын қамтамасыз ету және осы процеске пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелерін белсенді тарту көзделген", – деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу