Сенаторлар үкіметке депутаттық сауал жолдады

2020

Сенаторлар үкіметке депутаттық сауал жолдады

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен парламент сенатының отырысында сенатор Бірғаным Әйтімова үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына халықты алаңдатқан менингит мәселесіне байланысты депутаттық сауалын жария етіп, онда жұқпалы ауруды емдеу және алдын алу бойынша не істеліп жатқаны туралы шұғыл мәлімет беруді талап етті, деп хабарлайды abai.kz.

Статистика бойынша 2013 жылы елде менингитпен 117 адам ауырып 23-і, 2014 жылы 119 адам ауырып 29-ы, 2015 жылы 424 адам ауырып 26-сы, 2016 жылы 120 адам ауырып 15-і, 2017 жылы 62 адам ауырып 11-і көз жұмған.
Биыл 5 маусымға дейін менингокок инфекциясын жұқтырған 58 жағдай тіркеліп, 13 адам қайтыс болды. Яғни өткен жылдары менингиттен көз жұмғандардың менингитпен ауырғандарға шаққандағы пайызы 5 - 17 % аралығында болған. Ал биыл бұл көрсеткіш 22,5% жетті.

"Осыдан-ақ жағдайдың бұрынғыдай еместігін және өкілетті орган тарапынан шұғыл әрі төтенше шаралар қажеттігін түсінуге болмай ма? Алайда тіпті денсаулық сақтау министрінің Алматыға келгеннің өзінде медицина мекемелері шұғыл режимде жұмыс істеуге дайын болған жоқ және емдеу мекемелерінің, қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің, жедел жәрдем станцияларының жұмысында жүйелілік жоқ. Бұған қоса Министрліктен гөрі әлеуметтік желілердің жедел әрі мығым екенін көрдік. WhatsApp мессенджерінде алғашқы хабарламалар 19 мамырда пайда болса, Қазақстанның бас санитар дәрігері 3 маусымда сөйлеп, министр ОКҚ-да 4 маусымда баспасөз конференциясын өткізді", - делінген сауалда.

Осылайша депутаттар үкіметтен өздері қойған сұраққа шұғыл жауап беруін талап етті.

"Себебі мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмысты уақытылы әрі жеткілікті деңгейде жүргізбей, жағдайды бақылаудан шығарып, қоғамдық резонанс тудырып отырғаны бірінші рет емес", - деді сенатор депутаттық сауалында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу