Сенаторлар Жамбыл облысына жұмыс сапармен келді

1228

Сенаторлар Қайрат Қожамжаров, Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев Жамбыл облысында жұмыс бабындағы сапарымен болды.  

Сенаторлар Жамбыл облысына жұмыс сапармен келді

Парламент Сенатының депутаттары өңірлерде кездесулер өткізуде, деп хабарлайды жоғары палатаның баспасөз қызметі.

Депутаттар сапар барысында облыс активімен және жұртшылық өкілдерімен кездесті. Жүздесу барысында сенаторлар жиналғандарды заңнамаға енгізілген өзгерістерімен таныстырды және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму келешегін, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру мәселелерін талқылады.

Қайрат Қожамжаров облыс жұртшылығын Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуымен құттықтады және Еуразия тарихы мен Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы аймақтың маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ ішкі тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызы зор екені айтылды.

Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауының басымдықтары мен оның жүзеге асу барысына жұртшылықтың назарын аударды. Сондай-ақ "Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет" деген тұжырымдамасы аясында әр азамат өзінің мұң-мұқтажын депутаттарға жеткізе алатынын, ал олар өз кезегінде талап-тілектеріне жедел әрі сындарлы жауап беруге атсалысатындарын еске салды.

Сенатор Мұратбай Жолдасбаев облысқа сапардың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатымен танысып, өткір проблемаларды тыңдау екенін атап өтті. Сөз алған Абдалы Нұралиев өткен жылы қабылданған жаңа заңдарға тоқтала келіп, олардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналғанын айтты. Сенатор аграрлық субсидия мәселесіне де ерекше тоқталды.

Жүздесуде бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, жан-жақты талқылау болды. Оның ішінде Жуалы ауданын газдандыру, "Ардагерлер туралы" заң жобасы және басқа да әлеуметтік мәселелер көтерілді.

Сенаторлар сапар барысында Жамбыл облыстық прокурорымен және прокуратураның бөлім басшыларымен, облыстың құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесті. Бұл кездесуде қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мен жеке тұлғаның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері талқылаудың басты тақырыбы болды.

Қайрат Қожамжаров кәмелет жасқа толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, браконьерлік, нашақорлық, мал ұрлығы, мас күйде көлік жүргізу, қайталанған қылмыс үшін қылмыстық жауаптылықты күшейту шаралары туралы хабардар етті.

Сенаторлар Жамбыл облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығы мен жаңадан ашылған "Фронт офисінің" жұмысымен және "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскери басқармасының қызметімен танысты.

Депутаттар аймаққа сапар аясында сапалы өнім өндіретін әрі қарқынды дамып келе жатқан "Аса-ДАМУ" құс фабрикасында болды.

Жамбыл ауданының орталығындағы "NurOtan" партиясы аудандық филиалында депутаттар аудан азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Жұмыс бабындағы сапармен Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Жалағаш кенті мен Бұқарбай батыр ауылында және Сырдария ауданындағы Сырдария кентінде болған Сенат депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов алдымен И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейге барып, ауыл тұрғындарымен, мұғалімдермен, медицина қызметкерлерімен, аудандық және облыстық мәслихат депутаттарымен, шаруа қожалықтарының өкілдерімен, сондай-ақ ауыл ақсақалдарымен кездесті.

Жүздесуде Сенат жұмысының ашықтығы туралы айтылып, Палатаның жалпы отырыстары мен комитеттердің кеңейтілген отырыстары тікелей эфирде көрсетілетіні жария етілді.

"Заң жобасын талқылау барысын ғаламтордан барша қазақстандықтар көре алады. Өткен жылы "Педагог мәртебесі туралы" және халықтың денсаулығына қатысты заңдар халық арасында кеңінен талқыға салынды. Осындай мәселелерді талқылауда халықтың пікірі, ұсынысы біз үшін маңызды", - деді Мұрат Бақтиярұлы. - "Педагог мәртебесі туралы" заң ұстаздардың сапалы білім беруі және оларды артық жүктемеден арылту үшін қабылданып отыр. Мұғалімдердің ар-намысына тиіскендерге қатысты жауапкершілік күшейтіліп, тиісті мөлшерде айыппұл төлейтін болады. Ұстаздар қауымын әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету де қолға алынып отыр.

Одан басқа, елімізде жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, көлікті мас күйінде жүргізген адамды 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру туралы өзгерістер бар. Осылай заңдық тұрғыдан талап күшейгенде ғана қылмыс азайып, жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші төмендейтін болады.

Депутаттар сонымен бірге тұрмыстық және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа, нашақорлыққа, адам өліміне қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту шараларын атап өтті. Жүздесуде ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Тұрғындар "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасының қабылданғанына ризашылығын білдіріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға және зейнетақы мен еңбекақыға қатысты сауал қойды.

Сенаторлар кездесуде айтылған өзекті мәселелер бақылауда болатынын айтып, маңызды тақырыптар Парламент Сенатында талқыланатынын жеткізді.

Кездесу барысында аудан әкімдері жаңа жылдың алғашқы жұмыс күндерінде ауданға сапармен келіп, халықпен жүздескен Парламент Сенатының депутаттарына алғыс айтып, жұмыстарына тілектестігін білдірді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу