Сенатта адам саудасы мен вандализмге қарсы заң қаралды

213

Негізгі Заңда алғаш рет заңнамалық негізде "адам саудасының құрбаны", "адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері" және басқа да ұғымдарды енгізу көзделеді.

 Сенатта адам саудасы мен вандализмге қарсы заң қаралды Фото: gov.kz

Ілеспе заңдар шеңберінде вандализм, бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны үшін жазаны қатаңдату жөнінде түзетулер Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне енгізіледі, деп хабарлайды Inbusiness.kz cайты.

Сенатор Мұрат Қадырбектің айтуынша, біріншіден, заң мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың кешенді жұмысын қамтитын адам саудасына қарсы іс-қимыл жүйесін қалыптастырады. Осы орайда заң уәкілетті, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың,  коммерциялық емес ұйымдардың, туристік қызмет субъектілерінің, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің өзара іс-қимыл тетіктерін реттейді.

Екіншіден, алдын алу тетіктерін жетілдіру, атап айтқанда, тәуекелді бағалау және қылмыстардың себептері мен жағдайларын анықтап, алдын алу шараларын қабылдау. Алдын алу шаралары, өз кезегінде, ұйымдастырушылық, құқықтық, зерттеу, ақпараттық және әлеуметтік-экономикалық бағыттарды қамтиды.

Үшіншіден, қудалау шараларына қатысты адам саудасының барлық түрлері бойынша қылмыстық заңнамаға сілтеме нормалар қарастырылады. Оның ішінде мәжбүрлі еңбек, жыныстық қанау, адам ағзасының органдарын және нәрестелерді саудаға салу, қайыр сұрауға мәжбүрлеу сияқты қылмыстар да бар.

Төртіншіден, адам саудасы құрбанының құқықтарын қамтамасыз етуге, оларға медициналық, психологиялық, құқықтық жәрдем және тағы басқа көмек көрсетуге бағытталған нормалар көзделген. 

Сондай-ақ, халықаралық нормаларға сәйкес Заңға адам саудасының шетелдік құрбандарының, олардың құқық қорғау органдарына жүгіну, арнаулы әлеуметтік қызметтер шеңберінде азаматтығына сәйкес еліне қайтаруға жәрдемдесу құқықтары туралы нормалар енгізіледі.

Жеке тарау адам саудасындағы ең осал санат ретінде саналатын - кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға арналған.

Ілеспе заңдар негізгі Заңның ережелерін іске асыру үшін әзірленген және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодексте адам саудасына байланысты қылмыстар бойынша жаңа құрамдар мен саралау белгілері көзделеді.

Бұдан басқа, ілеспе заңдар шеңберінде вандализм, бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны үшін жазаны қатаңдату жөнінде түзетулер Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне енгізіледі.

Заң бүгін сенат отырысында бірінші оқылымда қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу