ҚР Парламенті Сенатында Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері Үкіметтік сағатқа дайындық аясында "ҚазАвтоЖол" басшылығымен жұмыс бабындағы кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында жол саласын дамытудың негізгі мәселелеріне қоса инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мен іске асыру, сондай-ақ нормативтік базаны жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалар талқыланды.
Заңнамаға ұсынылған түзетулерге ерекше назар аударылды. Олардың ішінде жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына жер учаскесін беруді оңтайландыру, сондай-ақ жол жобаларының жобалау-сметалық құжаттамасын түзету де бар.
Ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында авторлық және техникалық қадағалау сарапшыларын мемлекеттік қызметшілерге теңестіру, Автомобиль жолдары комитетіне жол саласының нормативтерін бекіту, мердігер ұйымдарды іріктеу тәсілдерін қайта қарау, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру және жол жабындысының сапасын қамтамасыз ету үшін битум операторын құру жөнінде қосымша өкілеттік беру мәселелері талқыланды.
Кездесу аясында жергілікті жолдарды қайта жаңғырту және салу жоспарлары, оның ішінде Қазақстанның жол желісін жақсартуға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды.
2029 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым автожолдарды сапалы жөндеу мен салуды қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл мемлекеттің көлік инфрақұрылымы саласындағы стратегиялық мақсаттарына сәйкес келеді.
Депутаттар кездесу соңында жол саласын дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдіріп, алға қойылған мақсатқа қол жеткізуде мемлекеттік органдар мен салалық құрылымдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.