Сенатта электр энергиясын Еуропаға транзиттеуге қатысты заң мақұлданды

100

Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнатылады.  

Сенатта электр энергиясын Еуропаға транзиттеуге қатысты заң мақұлданды Фото: gov.kz

Сенаттың жалпы отырысында "Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы" келісім ратификацияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты сенатор Сүйіндік Алдашев таныстырды.

"Аталған келісімге 2024 жылғы 13 қарашада Баку қаласында үш мемлекеттің басшылары қол қойған болатын. Қаралып отырған құжаттың мақсаты – жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында үш мемлекет арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестіктің құқықтық негізін қалыптастыру. Құжат энергетикалық жүйелерді біріктіруге және "таза" энергияны Еуропаға және басқа өңірлерге транзиттеуді ұйымдастыруға негіз қалайды. Келісім электр энергиясын сенімді әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін техникалық және коммерциялық шарттарды белгілейді. Бұл Қазақстанға экспорт бағыттарын әртараптандыруға және Қара теңіздегі суасты электр энергия желісі жобасы арқылы Еуропалық Одақтың "жасыл" энергия нарығына шығуға мүмкіндік береді", – деді депутат.

Заң сондай-ақ экологиялық таза сутегі мен аммиакты өндіру және тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады.

"Келісім аясында басқарудың институционалдық тетігін құру және салалық ведомстволар деңгейінде Басқарушы комитет қалыптастыру көзделген. Бұл комитет бірлескен жоспарлардың орындалуын бақылау үшін жылына кемінде екі рет жиналатын болады. Келісімді ратификациялау елімізге өңірлік энергетикалық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға және төмен көміртекті өнім экспорттау арқылы экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті Сүйіндік Алдашев.

Сенатордың мәліметінше, келісім тек электр энергиясын жеткізумен шектелмейді, сонымен қатар "жасыл" сутегі мен аммиак салаларын дамытуға серпін береді. Қазақстанда 2040 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі жаңартылған тұжырымдама қабылданғанын ескерсек, бұл бағыттың маңызы арта түседі.

Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша елде жалпы қуаты 3 607 МВт болатын 164 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 68 жел электр станциясы, 50 күн электр станциясы, 43 су электр станциясы және 3 биогаз электр станциясы бар.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша "жасыл" энергия өндіру көлемі 8,6 млрд кВт/сағатты құрады, бұл елдегі жалпы өндіріс көлемінің 7 пайызына тең.

"Аталған энергетикалық дәлізді іске қосу Каспий өңірі мен Орталық Азияның табиғи ресурстарын тиімді пайдалану үшін өңірлік серіктестермен күш біріктіруге мүмкіндік береді", – деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу