Сенаттың журналистерге арналған байқау ережесі өзгерді

1001

Байқауға журналистер, республикалық және аймақтық телеарналар мен газеттердің, интернет басылымдар мен радиолардың қызметкерлері, блогерлер қатыса алады.  

Сенаттың журналистерге арналған байқау ережесі өзгерді

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның тапсырмасы бойынша журналистерге арналған "Аманат" байқауының ережесіне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Байқауды өткізу тәртібіне маңызына байланысты тағы бір бағыт қосылды – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері коронавирус індетімен күресіп жатқан және оның залалдарын жоюға белсенді қатысатын мамандардың қызметін жария ететін болады. Төтенше жағдай кезіндегі еліміздегі ауқымды шараларға белсене атсалысып жатқан медицина, ішкі істер органдары, арнаулы мемлекеттік органдар, әскерилер, еріктілер, азаматтар мен басқа да ұйым мамандарының біліктілігі, батылдығы мен батырлығы дәріптелген материалдар ерекше бағаланады", – делінген Парламент Сенаты баспасөз қызметінің хабарламасында.

Айта кетейік, ҚР Сенаты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және блогерлер арасында Сенат материалдары бойынша үздік зерттеуге арналған "Аманат" және экологиялық журналистикаға арналған "Туған ел" байқауын жариялаған болатын.

"Аманат" байқауы Сенат қызметі туралы Қазақстан жұртшылығының хабардар болуын арттыруға арналған. Байқауға түсетін жұмыстарда Сенат депутаттарының заңдарға енгізген түзетулерінің маңызы мен ерекшелігіне және олардың проблемаларды шешуге, сондай-ақ депутаттардың аймақтар мәселелерін қарастыруға қатысты өзекті материалдар ескеріледі.

"Туған ел" байқауының қатысушылары өз материалдарында қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қалың жұртшылықтың назарын аударуы, азаматтардың экологиялық қолайлы және қауіпсіз ортада тұру құқығын қорғауға, сондай-ақ экологиялық проблемаларды жария етуге, тірі табиғаттың биоалуантүрлілігін сақтауға журналистерді тартуы тиіс.

Байқауға 1 қыркүйек пен 5 мамыр аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған авторлық ұжымдардың, жеке авторлардың материалдары қатысатын болады. Байқау өткен жылдың 1 қарашасынан басталды. Материалдар биылдың 12 мамырына дейін қабылданады, 20 маусымда қорытындылау жоспарланып отыр. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болады. Байқауға қатысты толық ақпаратты Парламент Сенатының сайтынан, сонымен қатар әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттардан білуге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу