Сербия астанасы Белградта қазақстандық бойжеткен көз жұмды. Ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Туыстарының айтуынша, бойжеткен тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлап кеткен.
Оқиғадан кейін Threads әлеуметтік желісінде марқұмның әкесінің бейнеүндеуі жарияланды. Ер адам болған жайтты кеңінен таратуды сұрап, қызының өліміне қатысты мән-жайлар бойынша сұрақтары бар екенін мәлімдеді.
Бойжеткеннің әкесі оқиғаның ықтимал мән-жайларын өз бетінше зерттеп жатқанын айтып, қандай да бір ақпарат болса, байланысқа шығуды өтінді.
"Қазір мен Влад есімді мына жігіттің парақшасын таптым. Оның парақшасын кейінірек саламын. Бұл жігіттің бұған қатысы бар. Сондай-ақ қандай да бір украиналық қыздардың да қатысы бар сияқты. Жалпы, бұл жерде бір түрлі нәрсе болуы мүмкін. Егер бей-жай қарамайтын азаматтар болса, хабарласыңыздар", – деді марқұмның әкесі жарияланған бейнежазбада.
Сонымен бірге, бұл сәтте туыстары алға тартқан нұсқалардың ресми растамасы жоқ.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматының қаза тапқанын растап, марқұмның отбасына көңіл айтты.
Ведомство Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жергілікті құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесіп жатқанын хабарлады.
"Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста, оларға жан-жақты консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп жатыр. Мәселе министрліктің бақылауында", – деп хабарлады ҚР СІМ.
Бойжеткеннің өлімінің ресми себептері мен мән-жайы әлі жарияланған жоқ. Тергеу жалғасуда.