Сербия президенті ресми сапармен келеді

857

Александр Вучич Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI сьезінің ашылуына қатысады.

Сербия президенті ресми сапармен келеді

8-10 қазан аралығында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Сербия президенті Александр Вучичтің Қазақстанға ресми сапары жоспарланған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияровтың айтуынша, Сербия президенті Александр Вучич елімізге Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен келеді.

"9 қазанда Александр Вучич Қазақстан президентімен кездеседі деп жоспарланған. Бұдан бөлек, ол Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI сьезінің ашылуына қатысады. Ал 8 қазанда Қазақстан мен Сербияның экономика жөніндегі үкіметаралық комиссиясының екінші отырысы өтеді деген жоспар бар. Аталған іс-шараның күн тәртібіне сауда-экономикалық байланыстар, геология, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм саласындағы ынтымақтастық мәселелері кіреді. Қазақстан тарапынан комиссияны ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ал Сербия тарапынан экономика министрі Горан Кнежевич басқарады", — деді Смадияров апта сайынғы брифингте.

Оның айтуынша, Сербия президентінің сапары барысында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылмақ.

"Соның ішінде Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ, Қазақстанның қоғамдық даму министрлігі мен Сербияның жастар саясаты және спорт министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар", — деді ол.

Айта кетсек, осы жылдың қаңтар-шілдесі аралығында екіжақты сауда-саттықтың көлемі 16,7 миллион АҚШ долларын құрады. Қазіргі кезде Қазақстанда 20-дан астам сербиялық кәсіпорын тіркелген

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу