Сербияның Велики-Борак қаласындағы қарттар үйінде 20 қаңтарға қараған түні болған өрт салдарынан 8 адам қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
Өртті сөндіруге көптеген құтқарушылар мен өрт сөндіру машиналары жұмылдырылды.
Өрт сағат 03:32-де басталған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жалпы аумағы 500 шаршы метр ғимараттың 150 шаршы метрінде жалын тарағанын анықтады.
– Өрт кезінде қаза болғандарға сараптама тағайындалды, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қосымша шаралар қабылданып жатыр. Үйді оның тұрғындарының бірі әдейі өртеді деп күдіктенуге негіз бар, ол өзі жарақат алған, – делінген Сербия прокуратурасының мәлімдемесінде.
Сербия президенті Александр Вучич Давоста жүр, ол қарттар үйінде қаза тапқандардың отбасыларына сол жерден көңіл айтты.
– Бараево маңындағы қарттар үйінде қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамын. Мен Бас прокуратураның жедел әрекетіне қанағаттанамын және полицияның тергеуі соңына дейін жүргізіледі деп ойлаймын, – деді ол.