Павлодарлық "Ертіс" Еуропа Лигасы іріктеуінің екінші квалификациялық кезеңінде сербиялық "Црвена Звезда" командасымен кездесіп, 1:1 есебімен тарқасты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Кездесу павлодарлықтардың аздаған басымдылығымен басталды. Дегенмен уақыт өте келе ойын тең деңгейді өрбіді. Бірінші таймда есеп ашылмады. Ал, екінші таймдағы ұрымтал сәттердің бірінде" Ертістің" қорғаушысы Марио Маслач өз қақпасының алаңында ойын ережесін бұзып, төреші пенальти белгіледі.
Ричмонд Боакье мергендік танытып, қонақтарды алға шығарды. Матч соңында бас төреші қосымша төрт минут қосты, барын салып алға ұмтылған қазақстандық команда өткір шабуыл ұйымдастырды. Соның бірінде "жұлдыздардың" капитаны қолмен ойнап, бас төреші он бір метрлік айып добына нұсқады. Нүктеге келген "Ертістің" сербиялық қорғаушысы Сетфан Живкович мүлт кетпей, павлодарлық ұжымға тең есепті алып берді.
"Лайықты қарсылық таныта алдық деп айта аламын. Қарсыластарда ұрымтал сәт болмады, өзіміз өте орынсыз пенальтиды алып келдік, бірақ, кейін команда жинақталып, есепті теңестірді. "Црвена Звезданың" қандай жоғары деңгейлі команда екенін және онда қандай футболшылардың ойнайтынын білемін, біздің сапамыз бен мүмкіндіктерімізге қарап біз лайықты қарсылық таныта алдық деп есептеймін. Екінші ойында "Црвена Звезда" - фаворит, тарихи команда, жетістігі мол, бюджеті көп, сапасы мықты ойыншылары аз емес. Біздің команда сырт алаңда жақсы ойнайтынын ескерере отырып, үшінші кезеңге өтетін мүмкіндігіміз бар деген ойдамын. Мүмкіндік бар", - деп айтты Димитар Димитров.
Жауапты кездесу 20-шілде күні Сербияда өтеді.