Қазақстанның Сербиядағы елшісі Ғабит Сыздықбеков сол елдің ауыл, орман және су шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік хатшысы Дарко Божич және Сербия кооперативтік одағының президенті Николай Михаиловичпен кездесті.
"Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы, оның ішінде ең жоғары және жоғары деңгейдегі бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау шеңберінде, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссия отырыстарының қорытындылары бойынша өзара іс-қимылдың перспективалары мен ықтимал форматтарын талқылады",– деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстандық тарап тұқымдардың жоғары сапалы сорттарын өндіруде, жемістер мен жидектерді сербтік технология бойынша өсіруде тәжірибе алмасқысы келеді.
Осы мақсатта ынтымақтастықты жолға қою үшін Сербияның жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарына сапарлар ұйымдастыру жайында уағдаластыққа қол жеткізілді.
"Кездесудың аяғында Қазақстан Елшісі Қазақстан мен Сербияның мүдделі ведомстволар мен іскер топтары өкілдерінің екі елдің аумақтарында ұйымдастырылатын жәрмеңкелер мен көрмелерге өзара қатысуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды ұсынды",– делінген хабарламада.