"Сергек" аздай "Zerek-2" қосылды: ІІМ жолдағы тәртіпті түзеудің жаңа тәсіліне көшті

643

Енді жүргізушілерге бұрынғыдан да сақ болу керек.

"Сергек" аздай "Zerek-2" қосылды: ІІМ жолдағы тәртіпті түзеудің жаңа тәсіліне көшті Фото: ҚР ІІМ

Көлік қозғалысы аз жердің өзінде қулыққа басып, жылдамдықты 110-нан асыруға болмайды. Қауіпсіздік белдігін тақпай, көлік тізгіндеуді мүлдем ойға алмаған жөн. Айтылған талаптарды орындамай, ауқымды сомада айыппұл арқалап жатқандар көп екен. Көлік иелерінің сөзінше, жолдарда сергектің жаңа түрі пайда болған. Расында солай ма?

Автожол бойындағы ерекше қондырғыны түсіріп алған елорда тұрғынының бұл видеосы әлеуметтік желілерде лезде тарап, қызу талқыға түсті. Видео авторы оны ауаны өлшейтін аппарат болар, деген болжам жасады. Ал көлік тізгіндейтін жұрттың көпшілігі бұл сергектің жаңа түрі екендігіне сенімді. Елордалықтарды таңғалдырған не екенін сұрап, "Sergek Group" компаниясына жүгіндік.

"Қазіргі уақытта біз белгілі бір мөлшерден асып түскен дыбысты анықтауға арналған, қаланың акустикалық ластану деңгейін бағалайтын құрылғыға тестілеу жүргізіп жатырмыз. Ол 100 миллисекунд сайын шыққан дыбыс деңгейін есептеп, деректер жинайды. Кейін бұл деректер талдауға жіберіледі. Осылайша, біз қаланың қай жерлері шулы екенін біле аламыз. Мәселен, түнімен тұрғындарға маза бермей, шуылдайтын мотициклдер болады. Тестілеуден сәтті өткеннен кейін жоба мемлекеттік органдарға жіберіледі", - деді "Sergek Group" өнімдерінің маркетинг менеджері Перизат Сейфульмаликова.

Астана жүргізушілері үшін жаңалық болған бұл қондырғы дыбысқа реакция береді. Яғни, көлік асқан жылдамдықпен келіп, қатты дыбыс шығаратын болса, айқай-шу, атыс-шабыс болса, акустикалық сенсор оны бірден жазып алады. Әзірге мұндай құрылғы осы жерге ғана орнатылыпты.

Ал аудиоларда айтылған ақпаратқа сергектің жасап шығарған жаңа құрылғысының қатысы жоқ. Десе де, ақылы жолдарда жылдамдықты 110-нан асырған, қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді тіркейтін жаңа камералар орнатылғаны рас. Оның анық-қанығын Ішкі істер министрлігінен сұрап-білдік. Ведомство тас жолдардағы оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Қазавтожол ұлттық компаниясымен бірге жаңа әдіс-тәсілге көшіпті.

"ZEREK-2" бағдарламалық-аппараттық кешені әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі жүйесімен интеграцияланған, яғни нұсқамаларды құқық бұзушыларға жіберу автоматты режимде жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі таңда "ZEREK-2" Шымкент  Қызылорда, Шымкент  Өзбекстан шекарасы, Шымкент  Тараз, Тараз  Қайнар, Қонаев  Талдықорған және Астана  Павлодар автожолдарына орнатылыпты. 25 тамызда іске қосылмақ. Бұған дейін осындай бағдарламалық кешен Көкшетау  Астана тасжолында ғана болған және жолдағы құқық бұзушылықтарды тіркеуде жақсы нәтижелер көрсетуде", - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Ведомство өкілі тізбектеп шыққан жолдарда Зерек-2 жүйесі 2 күннен кейін, яғни 25 тамызда іске қосылады. Айта кететіні, 7 айда елімізде жылдамдық режимін сақтамау бойынша 730 жол апаты тіркеліпті. Салдарынан, 1200 адам зардап шегіп, 300 адам қаза тапқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу