"Сергек" жамбылдық жүргізушілерді сергіте ме?

763

Осы жылы бұл облысқа да жол қозғалысы ережелерін жіті бақылайтын бейнекамера орнатылуы мүмкін.  

"Сергек" жамбылдық жүргізушілерді сергіте ме?

"Көркем Телеком" ЖШС директоры Руслан Асаубаев Жамбыл облысында "Сергек" жобасын орнатудың үш нұсқасын ұсынды. Бірінші  нұсқа бойынша 300 жалпы бейнебақылау камерасын және жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 51 жол кешенін іске қосу көзделген. Яғни,  қиылыстарда 28 аппараттық-бағдарламалық кешен, желілік учаскелерде 23 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатуға болады.

"Жобаны іске асырудың жалпы мерзімі алты жылға созылады. Ал оның құны 3,3 миллиард теңгенің шамасында болады. Бұл тұрғыда облыстың болжамды табысы 89 миллион теңгені құрайды", - деп атап өтті ол.

Екінші нұсқа бойынша 500 жалпы бейнебақылау камерасын және жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 66 жол кешенін іске қосу ұсынылған. Мұның да іске асыру мерзімі алты жылға жалғасады. Дегенмен, жобаның құны алдынғысына қарағанда қымбатырақ, 4,4 миллиард теңге. Жамбыл облысының табысы 207 миллион теңгені құрайды деген болжам бар.

"Үшінші нұсқа ауқымдылығымен ерекшеленеді. Мұнда 600 жалпы бейнебақылау камерасын және жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 80 жол кешенін іске қосу мүмкіндігін қарастыруға болады. Жобаның құны – 4,9 миллиард теңге, болжамды табыс 319 миллион теңге шамасында", - деді Р.Асаубаев.

Руслан Болатұлы өз сөзінде "Сергек" бейнебақылау жүйесінің Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Атырау, Шымкент қалаларында орнатылғанын, аз уақыттың ішінде-ақ тиімділігін дәлелдегенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда Түркістан мен Семей қалаларында осы бағыттағы жұмыстар қолға алынып жатыр екен. Ол жаңа жобаны Жамбыл облысында да жүзеге асыру идеясы қолдау табатын болса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске кірісуге дайын екендіктерін айтты. Дегенмен, бұл – жарты жылға жуық уақытты талап ететін шаруа. Мысалы, бейнебақылау жүйесін орнату қазан айында басталса, оны іске қосу келесі жылдың еншісінде.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу