Серік Күдебаевтың ісі: экс-әкім Қанат Бозымбаев сотқа куәгер ретінде қатысты

549

Куәгерден жауап жабық есік жағдайында алынды.  

Серік Күдебаевтың ісі: экс-әкім Қанат Бозымбаев сотқа куәгер ретінде қатысты Фото: skifnews.kz

24 қаңтарда Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың ісі бойынша соттың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгін сотқа Алматы облысының экс-әкімі Қанат Бозымбаев куәгер ретінде шақырылды. БАҚ өкілдерін сот залынан шығарып жіберді. Қорғаушылардың бірі Сәуле Көбжанова да құпия ақпарат алуға рұқсаты болмағандықтан, сот залынан шығып кетті.

Сәуле Көбжанованың пікірінше, бұл арқылы қорғауындағы азаматтың құқығы бұзылды. Өйткені, облыстың экс-басшысына қойылатын сұрақтар көп болған. Бозымбаев 2022 жылғы 5-6 қаңтар аралығында болған бірқатар оқиғаны тәпіштеп айтып бере алатын еді.

Сондай-ақ ол әкімдік ғимаратын басып алған кезде Қанат Бозымбаев қайда болғанын нақты білгісі келетінін айтты.

"Мен 40-қа жуық сұрақ дайындаған едім, алайда Бозымбаев жабық сот процесінде жауап бергісі келетінін айтты ", – деді Сәуле Көбжанова.

Қанат Бозымбаевтың өзі түсінік беруден бас тартты.

Күдебаев ісіне қатысты соттың алдыңғы отырысында әскери бөлім командирінің орынбасарынан жауап алынған болатын.

Айта кетейік, 5 қаңтарда Талдықорғанда Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты сот процесі басталды.

Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған болатын. Ол 2020 жылдан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған.

2022 жылдың 18 ақпанында ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу