Серік Сәпиев жаңа қызметке ұсынылды

81

Кандидаттарды жергілікті атқарушы орган ұсынады және Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған комиссияның оң қорытындысын алған кандидаттарды ғана тағайындауға тиіс.

Серік Сәпиев жаңа қызметке ұсынылды Фото: ult.kz

Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Астанада ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен өңірлік спорт басқармаларының басшысын тағайындау бойынша комиссия отырысы өтті. Отырыста Қарағанды және Павлодар облыстарының дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылығына ұсынылған екі үміткердің кандидатурасы қарастырылды.

Атап айтқанда, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің, ал Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашевтың кандидатурасы ұсынылып, комиссия мүшелері келісімін берді.

Жиын барысында комиссия мүшелері үміткерлердің саладағы тәжірибесі мен өңір спортын дамытуға қатысты жоспарына, сондай-ақ спорт ғылымының негіздері мен менеджментін меңгергендігі жөнінде сұрақтар қойды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуінде әрбір өңір қандай спорт түрін дамыту керектігіне қатысты шешімді дербес қабылдайтынын сынға алған болатын. Осыған орай, Президент спорт саласындағы барлық деңгейдегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді. Енді облыстық спорт басқармаларының басшылығына ұсынылған үміткерлер ҚР Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған комиссияның келісімімен жүзеге асырылады", – деді Ербол Мырзабосынов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу