Серік Шәпкенов: Жаңаөзенде мұнай-газ компаниясына 150 адам жұмысқа орналастырылады

1316

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Жаңаөзенде мұнай компанияларына 150 адам жұмысқа орналастырылатынын айтты. Маңғыстау облысы әкімдігінің жанынан құрылған комиссия әзірге осынша жұмыс орынын таба алды.

Серік Шәпкенов: Жаңаөзенде мұнай-газ компаниясына 150 адам жұмысқа орналастырылады

"Ереуілге шыққан жұмысшылар тек мұнай-газ компанияларынан жұмыс беруді талап етеді. Ал Жаңаөзен қаласындағы халық санына орайластырылған жұмысқа орналастырудың алгоритмі бар. Кезек-кезекпен жылжуы керек. Кім зейнетке шығады, кім жұмыстан шығады – босаған орынға рет-ретімен орналастырылады. Кезектің алдына біреуді шығарып жіберу, комиссияның айтуына қарағанда, мүмкін емес. Бұл әрекет басқа азаматтардың құқығын шектейді. Мұнай компанияларының штаты шектеулі. Қалыптан тыс жұмысшы ала алмайды. Бүгінде комиссия "тап бүгін жұмысқа орналастыр" немесе "кезек жылжымайды, әділ емес" деген наразы топтың уәжін тыңдап, 150 вакансия тапты. Осылайша, кезектің басындағы кісілер жұмысқа кіріп жатыр", – дейді Шәпкенов.

Министр мұнай-газ компанияларының орынына сервистік қызметтерде жұмыс істеу ұсынылатынын айтады.

"Күзет, сервистік қызмет сынды әртүрлі жұмыс ұсынылып жатыр. Жалақысы жаман емес. 150-200 мың теңге мөлшерінде жұмыстар бар", – дейді ол.

Шәпкенов өзінің министрлігі жаңа жұмыс орындарын құра алмайтынын, кәсіпорын аша алмайтынын айтып ақталады. Бұл шаруа басқа ведомствалардың құзырында дегенді меңзейді. Дегенмен арнайы бағдарламалар арқылы мәселені шешуге тырысып жатқанын тілге тиек етеді.

"Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері 2025 жылға дейін екі миллионға жуық жұмыс орнын құрады. Республика бойынша айтқанда осылай. Міне, біз сол жерлерге маман дайындап, жұмыс тауып беруге кірістік", – дейді ол.

Айта кетейік, Жаңаөзенде жұмыссыздық, еңбек дауы мәселелері бойынша ереуілдер болып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу