Серік Теміржановқа пәтер кілті сыйға берілді

1310

Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері баспаналы болды.  

Серік Теміржановқа пәтер кілті сыйға берілді

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов әлемдік біріншілікте аймақ пен елдің намысын абыроймен қорғаған спортшыны құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сербия астанасы – Белград қаласында өткен әлем чемпионатында Серік Теміржанов 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірді. Жекпе-жек жолында Моңғолия, Жапония, Үндістан, Ресей және Кубаның мықты спортшыларын қапыда қалдырды. Ал ақтық сында америкалық Джамал Харвиден айласын асыра алмай, күміс медаль еншіледі.

Елге оралған жүлдегерді аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов қабылдап, облыс орталығынан пәтер кілтін табыстады.

"Сенің барлық жекпе-жегіңді көрдім. Ұлттық құраманың қоржынына салған күміс медаль алтынға пара-пар. Осы жетістігіңмен облыстың бокс тарихында жаңа парақты аштың. Бұл – бокстан әлем чемпионаттарында жеңіп алған павлодарлықтардың алғашқы медалі. Жерлестеріміздің қатарынан алғашқы болып "ҚР бокстан еңбек сіңірген спорт шебері" атануың да мерейімізді асырды. Жаттықтырушыларыңмен бірге жаңа белестерді бағындырып, жазғы Олимпиадада жеңіске жетеді деп сенемін", – деп ізгі тілегін білдірді Әбілқайыр Сқақов.

Өз кезегінде Серік Теміржанов алдағы уақытта күмісін алтын медальға алмастыру үшін аянып қалмайтынын айтты.

"Олимпиададан кейін біз көп еңбек еттік және әлемдік турнирде жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Болашақта күміс медальді алтынға айналдырғым келеді. Бізді қолдаған барлық жанкүйерлерге алғыс айтамын", – деді жүлдегер.

Осы орайда спортшының тәлімгері Азамат Мақажанов Серіктің әлем чемпионатына барудың өзі екіталай болғанын алға тартты.

"Серік ұлттық құрамадағы спаррингтер кезінде жақсы нәтиже көрсетіп, мықтылығын дәлелдеді. Сол кезде Бокс Федерациясының вице-президенті Бақтияр Артаев "Турнирге дайындалыңдар, бірақ Серік міндетті түрде медаль алуы керек" деді. Бұл міндетті абыроймен орындадық", – деді жаттықтырушы.

Айта кетейік, Серік Теміржанов биыл Токио Олимпиадасына да қатысқан еді. Өкінішке қарай, бұл бәсекеде медальға қол жеткізе алмады. Десе де, сол тұста да облыс әкімдігі ілтипат білдіріп, "Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін" белгісін табыстаған болатын.

Жалпы Павлодар облысының бокс тарихында Серік Теміржанов – әлем чемпионатына қатысқан екінші спортшы. Сонау 1993 жылы Николай Кульпин 91 келіден жоғары салмақта жұдырықтасып, ширек финалда жеңілген еді. Араға 28 жыл салып Серік Теміржанов облысқа күміс жүлде әкелді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу