Министр жылу өшірілгенде ақпай қалған сулар құбырда қатып қалғанын айтты.
"Сондықтан жылу беру кезінде батареялар жарыла бастады. Яғни, жылу үйлерге жеткізілді, жылу желілеріне қатысты мәселелер шешілді. Ендігі мәселе тұрғын үйлердің ішінде. Қазір оқиға орнында жүргендер батареяларды, көтергіштерді, ішкі жылыту жүйелерін ауыстыруға бар күшін салып жатыр. Сондықтан бұл мәселе алдағы екі күнде шешіледі деп ойлаймын", - деді С.Жұманғарин Үкіметте тілшілерге берген сұхбатында.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Екібастұзда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, "Орталық Азия энергетикалық корпорациясы" АҚ (ОАЭК) құрылтайшыларының бірі жүр.
"Алдымен мәселені толық шешіп, жылуды барлық пәтерге жеткізу керек, батареяларды жөндеу керек. Содан кейін ғана кінәлілер аталады, кінәлілер өкінеді деп ойлаймын", - дейді вице-премьер.